Тілсіз жау түн ортасында басталып, аз ғана уақытта бүкіл үйді шарпыған
Алматы облысында тұрғын үй өртеніп, 6 отбасы баспанасыз қалды. Тілсіз жау түн ортасында басталып, аз ғана уақытта бүкіл үйді шарпыған. Желдің ықпалы тұтанған өртті одан сайын өршіткен. Енді далада қалған тұрғындардың ертеңгі күні не болмақ? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың бейнематериалында.
Тұрғындардың сөзінше, жалын жапсарлас соғылған 6 пәтердің біріншісінен басталып, бүкіл үйге таралған. Нәтижесінде каркас-қамыстан соғылған тұрғын үйдің шатыры мен 3 пәтер толығымен жанып кетті. Алайда, адам аман. Көрші-қолаң бірлесіп газ баллондары мен керекті заттарды сыртқа шығарыпты. Ал, ондағы тұрмыстық техника мен жиһаздар қолдануға жарамсыз.
«Өрт бірінші үйден шықты. Одан екінші, үшінші үй жана бастады. Әйтеуір бір-бірімізді оятуға тырыстық. Халқымызға рахмет. Әкімдіктен, жедел-жәрдем қызметкерлері мен көршілер келіп, көмек көрсетіп жатыр», – деді Жетіген ауылының тұрғыны Бақытгүл Жүрімбаева.
Өртенген үйдің 16 тұрғыны уақытша Іле аудандық әкімдігінің көмегімен жекеменшік жатаханаға жайғастырылып, қаржылай көмек берілді. Әзірге олардың қанша уақыт мемлекеттің қамқорлығында болатыны белгісіз. Ал, өрттен зардап шеккен 2 зейнеткерді жергілікті басшылық шипажайға жібереміз деп отыр.
«Әкімнің тапсырмасымен бөлім басшылары шықтық. Орында барлығын тексеріп, қарап, халықпен сөйлестік. Қазіргі кезде халық уақытша жанұяларымен жатақханаға кіріп жатыр. Оларға әлеуметтік материалдық көмек берілді. Халық далада қалмайды», – деді Іле аудандық мәслихатының хатшысы Роза Әбілова.
Көппәтерлі үйдің шатыры жанғаны туралы хабарлама 3 жарымда тіркеліпті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 5 арнайы техникасы мен 15 маманы өртті сөндіруге келген. Тілсіз жау шамамен бір сағатта өшірілді.
«Өрт сөндіру қызметі 34 минутта жеткен. Олар оқиға орнына 3:54-те барғанда үйдің шатыры толығымен жанып кеткен. Жиналған материалдар Іле ауданының полиция бөліміне тапсырылды», – деді облыстық ТЖД ресми өкілі Азамат Жұртбаев.
Ал, облыстық полиция департаментінің сөзінше, полиция қызметкерлері өрттің шығу себептерін анықтауға кіріскен. Сондай-ақ, қазір арнайы құрылған комиссия шығын көлемін есептеп жатыр.
Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы