Павлодар облысындағы тәртіп сақшылары мен ауыл тұрғындарының арасындағы қақтығысқа байланысты ПД түсініктеме берді

15.05.2020 00:24

Аталған оқиғаға байланысты Қылмыстық Кодекстің 380-бабы 1-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталған

Видеодан алынған кадр

Павлодар облысындағы тәртіп сақшылары мен ауыл тұрғындарының арасында болған жағдайға қатысты Полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Анықталғаны, аталған оқиғаға байланысты Қылмыстық Кодекстің 380-бабы 1-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталған. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар Әбдікеновтың айтуынша, бейнежазба авторы ауыл тұрғындарының полицияға қоқан-лоқы жасау әрекеттері бар жерлерін алып тастаған.

«Мал ұрлығының алдын алу мақсатында және «Металлогамма» мен «NewHantamurNC» ЖШС-нан «микросфера» күл-қоқыс шикізатын жаппай ұрлау әрекетіне байланысты Ақсу өңіріндегі Ақжол және Береке ауылында мобильдік пост қойылды. Қалқаман ауылы жанында орналасқан мобильдік бекетке ауыл тұрғындары тиісті құжаттарсыз «микросфера» күл-қоқыс шикізатын тасу туралы мәселемен жүгінді. Олар оған қарсы жауап алды. 2020 жылғы 13 мамырда сағат 17:30-да мобильдік постта Береке кентінің 30 шақты тұрғыны автомашиналармен келіп, күш қолданамыз деп, полиция қызметкерлерінің мүлкін зақымдап, оқиға орнынан кетуін талап еткен. Туындаған жанжалды жою, одан әрі жалғасуына жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері арнайы құралдарын қолданып, бос патронмен аспанға оқ атып ескерту арқылы тұрғындарының іс-әрекетін тоқтатты», – деді Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар ӘБДІКЕНОВ