Құтқарушылар өрт шыққан үйден 25 адамды эвакуациялаған
Өртті сөндіру барысында ТЖ қызметкерлері бір әйелдің жанып кеткен мәйітін, улы газбен уланған бір ер адам мен баласы бар әйел адамның мәйітін тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, өрт шыққаны туралы хабар 9 мамырда сағат 21:02-де Павлодар қаласы, Қамзин көшесі, 364 мекенжайы бойынша келіп түскен.
«10 қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтерлердің бірінде 56 шаршы метрде өрт шықты. Өрт сағат 21:30-да ауыздықталды. Пәтерден бір әйелдің жанып кеткен мәйіті табылды. Ал, баспалдақта тіршілік белгілері жоқ улы газбен уланған бір ер адам мен баласы бар әйел адам табылды», – деді Павлодар облысы ТЖД басшысының орынбасары подполковник Мейрамбек Батырқұлов.
ТЖД хабарлауынша, оқиға орнында 28 адам және 8 бірлік техника, өрт сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр.
Өлім жағдайы және мәйіттердің жеке басы анықталды.
Онлайн өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы ТЖД басшысының орынбасары Мейрамбек Батырқұлов өрт Қамзин көшесі, 364 мекенжайындағы 10 қабатты үйдегі 3 бөлмелі пәтерде шыққанын атап өтті.
«3-қабаттағы 3 бөлмелі пәтерде 70 шаршы метр аумақта үй заттары, жиһаздар жанған. Өрттің ошағы жатын бөлме болған. Өрт кезінде 4 адамның мәйіті табылды. Олардың бәрі бір отбасынан. 1948 жылғы 72 жастағы Виктор есімді ер адам 3-қабатта лифттің жанынан табылды. Ал, оның жұбайы 1952 жылғы Нина пәтердің жатын бөлмесінен табылды. Мәйіті жанып кеткен. Сондай-ақ қыздары 1991 жылғы Людмила 9-қабаттың баспалдағынан, 2018 жылғы немерелері 7-қабаттың баспалдағынан табылды», – деді Мейрамбек Батырқұлов.
Мейрамбек Батырқұловтың айтуынша, қыздары мен немересі өрт пайда болғаннан кейін пәтерден шығып, төменгі қабаттағы түтін қатты болғандықтан үстіңгі қабатқа қарай қашқан болуы мүмкін. Түтінге уланғандықтан әлсіреп, кішкентай қыз жолда қалып, Людмила үстіңгі қабатқа барып құлауы мүмкін.
Департамент өкілдері отбасы ұйықтап жатқандықтан өрттің шыққанын кеш білген деген де болжам бар екенін айтты.
Сонымен қатар, алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі де аталды.
«Бұл отбасы пәтерді 2019 жылдан бастап жалдап тұрады. Көршілерінің айтуынша, отағасы Виктор кей кездері спирттік ішімдік пайдаланып тұрады. Дегенмен пәтерден спирттік бөтелкелер табылған жоқ. Темекі қабы табылды. Өрттің шығу себебі темекі тартудан болуы мүмкін. Темекіні пәтер ішінде, төсекте шегіп, өшірілмеген тұқылынан тұтануы мүмкін», – деді Мейрамбек Батырқұлов.
Құтқарушылар өрт шыққан үйден 25 адамды эвакуациялаған. Оның төртеуі бала. Сондай-ақ өрт сөндірушілер пәтердің терезесіне жақындау үшін бөгет болған көліктерді қолмен жылжытуға тура келген.