Мамандар интернет алаяқтарынан қалай сақтану керек екенін айтты

17.03.2021 00:25

Айлакерлердің жымысқы әрекетінің жүзеге асуына өздері септескенін адамдар аңдамай қалатын көрінеді

Фото: ашық дереккөзден

Елімізде телефон және интернет алаяқтары көбейіп кеткен. Айлакерлердің жымысқы әрекетінің жүзеге асуына өздері септескенін адамдар аңдамай қалатын көрінеді. Ал мамандар қаскүнемдер алдаудың түрлі амалын табатынын айтады. Мұндай деректер көбейгендіктен, елдегі банктер халықты барынша сақ болуға шақырған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көкшетаулық тұрғын Анна өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адамға қалай алданып қалғанын аңғармай қалған. Оған хабарласқан қаскүнемдер оның атына біреулер 1 миллион теңгеге несие рәсімдегенін айтып, мобильді қосымшаны өшіріп қайта жүктеуді ұсынған.

«Мен жаңа қосымшаны жүктедім. Олар маған «кері пин-код» ашу керек деді. Ол үшін жақын маңдағы банкоматқа барып ақшаны алып оны қайта салуым керек болды. Осылайша маған рәсімделген несие жойылады деп сендірді», – деді Көкшетау қаласының тұрғыны Анна.

Алаяқтар әккі әрекеттерін түрлі жолмен іске асырады. Әсіресе вишинг және фишинг деген екі түрі кең тараған. Біріншісі – телефонға хабарласып, түрлі схемалар арқылы алдаса, екіншісінде – смс арқылы сілтемелер жіберіп, адастырады. Мұндай кезде сілтеменің электронды мекенжайына, онда жазылған сөздеріне аса мән беру керек дейді мамандар.

«Еш уақытта банк картаңыздың 16 сандық немесе 20 сандық нөмірін және картаның артқы жағында жазылған СVV (СиВиВи) нөмірді ешкімге бермеңіз. Егер сізге банктен хабарласса, ең алдымен ол адаммен сөйлесуді доғарып, ақпараттың анығына көз жеткізу үшін банктің колл-орталығына қайта хабарласу керек», – деді банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев.

Сондай-ақ, сарапшылар банк қызметкері көп жағдайда бірінші болып өзі хабарласпайды дейді. Осыған аса қатты мән берген жөн. Әдетте алаяқтар психологиялық шабуылдар жасау, сенімге кіру арқылы қомақты қаржыны үп еткізеді.  

«Нарықта жеке банк карталарының саны өскен сайын, алаяқтардың да көлемі арта түседі. Жеке мәліметтерді өзге адамға жария етпеуге тырысу керек. Тіпті, жақындарға да көрсетпеген дұрыс. Сондай-ақ, картаңызды қашықтан ашық қараусыз қалдыруға болмайды. Қарапайым сақтық шараларын сақтаныңыз!» – деді Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы цифрлы технологиялар және инновациялар секторының директоры Константин Пак.

Егер сайт арқылы тауар сататын болсаңыз да алаяқтардың ілмегіне түсіп қалуыңыз мүмкін. Олар ақша жіберемін деген желеумен жеке мәліметтеріңізді біліп алады. Сондықтан мамандар әр нәрсеге күдікпен қарап, бөгде адаммен телефон арқылы сөйлеспеуге кеңес береді.

Назкен Еркін, Рамина Мирзалиова, Рашит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы.