Оқиғадан кейін ата-аналар бөбекжайға балаларын жібермей жатыр
Бүлдіршіннің еркелігін көтере алмаған тәрбиеші баланы соққыға жықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде болған оқиғадан кейін ата-аналар ол бөбекжайға балаларын жібермей жатыр. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба балабақшаның бейнебақылау камерасынан алынған. Онда тәрбиешінің бүлдіршінді басынан шапалақпен ұрып жібергені анық көрініп тұр. Бөбекжай меңгерушісі тиісті шара қолданылды дейді. 6 жасар баланы ұрған адам жұмысқа тәрбиешінің көмекшесі болып орналасқан екен.
«Статья бойынша жұмыстан шығардық. Енді әкімшілік тергеу жүріп жатыр. Жұмыс бабымен. Ол енді жұмыста болмайды. Сол күні біз оны келмейтін етіп іс-әрекеттер жасадық. Енді бұл оқиға балабақшаға кір келтіргеннен кейін ата-аналардан сұрақтар да болды. Оған жауап бердік. Ешкімнен жабылып, жасырып жатқан жоқпыз», – деді Балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Эльмира Исабекова.
Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, оқиғаға дейін барлық топ ас ішуге кеткен. Сол сәтте қол жууға барған 6 жасар баланы тәрбиешінің көмекшісі ертіп әкелуі керек болған. Алайда бүлдіршіннің соққы алуына еркелікке салынғаны себеп болыпты.
«Жағдайды түсіндіргеннен кейін анасы «Мен жедел жәрдем, полиция шақырам» дегенде біз қарсылық келтірген жоқпыз. Полиция келді. Жедел жәрдем келген соң тексеру жүргізді», – деді Балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Эльмира Исабекова.
Ал әлеуметтік желідегі жазба авторы ұлының шошып қалғанын және әлі күнге дейін өзін жайсыз сезінетінін жазған. Анасының айтуыншы, балабақша қызметкерінің бұл әрекеті өзге ата-ананың да ызасын келтіріп отыр. Оқиға болған балабақшада 50 шақты бала тәрбиеленеді. Қызметкерлердің айтуынша, қазір бұл бөбекжай өзінің қалыпты жағдайында жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, келешекте балаларын әкелмекші болғандардың арасында ойынан айнып жатқандар да бар. Олар әлеуметтік желіде түрлі пікір қалдырып, тиісті шара қолдануды талап етіп жатыр.
Бір сәтте абыройы айрандай төгілген жекеменшік балабақшада бүлдіршіндерді 4 топқа бөліп тәрбиелейді. Тәрбиешінің өзінен тиісті білімі талап етілгенмен көмекшіге қатысты талап жоқ. Бірақ оқиғадан кейін балабақша меңгерушісі қызметкерлермен жиналыс өткізіп тұруды әдетке айналдырмақ ниетте.
Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы