Қалалық полиция департаменті күдіктіні бүгін қамауға алды
Алматыда қыздарды ұрып, қашып кеткен бейтаныс адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға 25 шілде күні түнгі уақытта Абылай хан даңғылының бойында болған. Зардап шеккен Алина есімді қыз оқиғаның қалай өрбігенін әлеуметтік желіге жазған. Оның сөзінше құрбысымен бірге көлікпен үйлеріне қайтып бара жатып кенет жанармай таусылып қалады. Жанармай әкеліп беретін достарын күтіп біраз аялдаған қыздарға аяқ астынан белгісіз бір ер адам келіп килігіп, балағат сөздер айта бастапты. Осыдан соң жағдай ушыға түскен. Алинаның сөзінше ер адам мас болған. Ол құрбысының шашынан тартып, екеуін де аяусыз соққыға жыққан. Тіпті бір сәтке есімнен танып қалдым деп жазады пост авторы. Жан ұшырып, жан-жақтан жәрдем сұраса да көмекке келген ешкім болмай, қыздар көлікке кіріп, есіктерін құлыптап алған. Бұл кезде әлгі азамат есікті сындырып ашуға талпыныпты. Ол әрекетінен ештеңе шықпаған соң жігіт жақын маңдағы көлігіне мініп ол жерден тайып тұрған. Алина жедел жәрдемді үйлеріне жеткенде шақырыпты. Қыздың басына зақым келіп, миы шайқалған. Қалалық полиция департаменті күдіктіні бүгін қамауға алды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
«Аталмыш дерек бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері арыз түсе салысымен арнайы тергеу тобын құрып Қылмыстық Кодекстің 293 бабы бойынша қылмыстық істі қозғаған болатын. Осы қылмыстың басын ашуға бағытталған шараларды жүргізу нәтижесінде күдікті азамат анықталып құрықталды. Ол 1988 жылғы туылған азамат болып шықты», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.