Бүтін әулет суға кетті: екеуінің мәйіті іздестіріліп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгін табылған 9 адамның денесі жер қойнына тапсырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысындағы суға кеткен бүтін бір әулеттің 2 адамы әлі іздестіріліп жатыр. Ал бүгін табылған 9 адамның денесі жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркістан облысындағы Көксарай елдімекенінің бір әулеті 10 немересі мен 1 келінінен айрылды. Орны толмас қайғылы оқиға кеше Сырдария өзенінде болған. Демалу үшін дарияға жиналып барған 21 адамның жартысын су алып кетіпті. Куәгерлер ойнап жүрген балалардың табан астында жан дауысы шыққанын айтады.

– Біз арғы бетте жүргенбіз. Осы жерде балалар ойнап жатыр екен. «Құтқарыңдар» деген дауыс естілді.  Алты  адамды шығардық. Қандай күйде екенін білмейміз. Қарайтындай шама болмады, жүгіріп, құтқаруға тырыстық, – деді куәгер Әділхан Аманов.  

Орны толмас қайғыдан кейін қаралы отбасы есеңгіреп, ес жия алмай отыр. Немерелерінен айрылған ата-әже жарты сағат сайын жедел жәрдем көмегіне жүгінуге мәжбүр. Перзентінен айрылған әкелері болған жағдайды әзірге баяндап беруге дәрменсіз.

– Бірінші кішкентай баласы суға ағып кеткен. Соны құтқарам деп анасы кеткен. Анасын құтқармақ болып, қыздары секірген. Бір үйден анасымен бірге 4 бала, екінші үйден 3 бала суға батып кеткен. Бір атадан 4 бала болса, 4 баланың ұл-қыздары ғой көз жұмған, – деді Көксарай ауылының тұрғыны Мұсабек Сарымбет.

Суға кеткен 11 адамның ең үлкені 40 жастағы келіншек. Ол бірнеше күн бұрын ғана үлкен қызын оқуға шығарып салған. Өкінішке қарай, дарияда анасымен қоса үш қызы мен бір ұлы ажал құшты. Тағы бір отбасынан 4 бала мен екі отбасының бір-бір перзенті мерт болды.

– Таңғы 08:55-те 50 метр шамасында су түбінен және 22:50-де 5 метр жерде талға қыстырылып қалған жерден 2 мәйітті таптық, – деді Түркістан облысы Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Мұрат Қамбаров.

Төтенше жағдай қызметкерлері 10 және 12 жастағы ұл-қызды әлі іздестіруде. Қалған тоғызы бүгін сағат 16:00-де жер қойнына тапсырылды.

Оразай Нұртай, Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: «Қазақстан» шахтасында тұтанған өрт әлі сөндірілген жоқ

Новости партнеров