ШҚО-дағы Лайлы су қоймасы бақылауға алынды

05.04.2024 00:29

Самар ауданында қауіпті аймаққа кіретін 81 үй бар

Almaty.tv

Шығыс Қазақстанда қарғын судан қауіп көп. Өңірде қар қарқынды еріп жатыр. Бар-жоғы үш тәуліктің ішінде Самар ауданында бос тұрған Лайлы су қоймасы лық толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ШҚО-дағы Лайлы қоймасы ең қауіпті болып тұр. Себебі ол аудан орталығының қақ ортасында орналасқан.

Есте болса, 2010 жыл Самар ауданы тұрғындары үшін қорқыныш пен қауіпке толы болды. Су тасқыны бірнеше үйді шайып, 50-ге жуық ғимаратты басып қалған. Алайда су қоймасы одан кейін күрделі жөндеуден өткен.

– 2010-2011 жылы күрделі жөндеуден өтті. Су қоймасы судың бәрін қабылдап, жұмысын атқарады деп ойлаймыз, – деді Самар ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Әсет Сейілқұмаров.  

Нысанға жауапты «Шығыс су қоймалары» мекемесінің мамандары жағдайдың бақылауда екенін айтты. Алайда кеше түнде қоймадағы су деңгейі 770 мың текше метрге жеткен. Бұл – су торабы көлемінің жүз пайызы. Ал мамандар ондағы су ағызатын өзен арнасын тазалап қойған.

– Қар әлі қалың. Тауда қар көп. Сондықтан да қауіп болады. Өйткені ауа райы да қазір қолайсыз болып тұр. Күндіз жылы, түнде аяз жоқ, – деді Самар ауылдық округінің әкімі Марат Дүсіпов.

Сондай-ақ жауаптылар «өңірде төтенше жағдай бола қалса, әзірміз» деп отыр. Қазір жұмысшылар бұрын тазартылған арық жүйелерін тереңдетіп жатыр. Ал су қоймасы істен шығып жатса, жатақханалар мен оқу орындарындағы эвакуациялық пунктер ашылуға дайын. Бір ғана ауыл шаруашылығы колледжі 40 адамға дейін қабылдай алады.

Айта кетейік, ауданда қауіпті аймаққа кіретін 81 үй бар. Онда 300-ден астам адам тұрады.

Гүлмарал Изатқызы, Руслан Мұхамедияров, «Алматы» телеарнасы, ШҚО-дан

Оқи отырыңыз: Петропавл аумағында төтенше жағдай жарияланды