Қаладағы клиникалық ауруханаларда маскалар мен дезинфекциялық құралдар жеткілікті және медицина қызметкерлерінің жағдайы толығымен жасалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде медицина мамандарына керекті қорғаныс құралдары жетіспейтіндігі туралы ақпарат пайда болған еді. Бүгін қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, тілшілермен бірге ауруханаларды аралады.
Бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде №7 қалалық клиникалық ауруханасында жұмыс істейтін дәрігерлердің жағдайы туралы шағым жарияланған пост желіде желдей есті. Онда дәрігерлер, медбикелер мен санитарларға арналған масканың, жеке қорғаныс киімдерінің жоқтығы айтылады. Бүгін қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының мамандары мен аурухана басшылығы бұл ақпараттың негізсіз екенін алға тартып, БАҚ өкілдерімен бірге ауруханадағы жағдайды өз көздерімен көрсетуге бел буды. Басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаевтың өзі мекеменің қоймасын таныстырып, қордағы құралдардың жеткілікті екенін көрсетті.
Ауруханада қазір 80 мыңға жуық бетперде бар. Олар алдағы 15 күнге жетеді және апта сайын маскалар толықтырылып, жеткізіліп отырады дейді мұндағылар. Сондай-ақ, мекеменің қорында мың жарым тоннадан астам спирт бар және аурухана басшылығы дезинфекциялық заттармен ешқандай мәселе жоқ екенін баса айтты.
Дәл осы сияқты шағымдар №4 клиникалық ауруханасының атына да келіп түскен болатын. Алайда, «ондағы жағдай да тұрақты, керекті маскалар мен арнайы киімдер бар, жеткілікті» деді жауаптылар. Бүгінде карантин енгізілгеннен кейін шалғай жерлерден қатынайтын дәрігерлердің жағдайы жасалып қойған.
«Біздің облыс аймағында тұратын есебінен бізге ақысыз жатақхана ұсынылған. Сол жатақханада 19 наурыздан бері тұрып жатырмыз. Маска, антисептикалық бүкіл құрал-жабдықтардың бәрі жеткілікті, бәріміз де қолданып жатырмыз», – деді №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігер-травматологы Қуаныш ЖАНБОЛАТОВ.
Сонымен қатар, қалалық штаб тарапынан да облыстан қалаға келіп жұмыс істейтін дәрігерлердің уақытша тұрғын-жайы қосымша қаралатын болады.
«Осыған байланысты қазір қалалық штаб емдеу мекемелерінде жұмыс жасайтын медицина қызметкерлерін бірінші кезекте тұрғын-жаймен қамтамасыз ету мәселесін қолға алды. Қаладағы бос қонақжайлардан, хостельдерден және жатақханалардан осы емдеу мекемелерінің басшылары берген тапсырыс, сұраныстарына байланысты тегін тұрғын орнын және тұрып жатқан кездерде бір мезгіл тамақтарын тегін қамтамасыз ету мәселесі қарастырылып отыр», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Бұдан бөлек, қалалық штабтың шешімімен алдыңғы шепте коронавируспен күресіп жүрген барлық дәрігерлер мен медицина мамандарына бір айлық жалақы көлемінде сыйақы тағайындалды. Сондай-ақ, өздері жұмыс істейтін мекеме тарапынан тағы тоқсан қорытындысы бойынша екі айлық жалақы көлемінде қосымша қаржы бөлінеді.
Назкен Еркін, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы