Ақмола облысында 21 көлік соқтығысып, бір адам қаза тапты

10.03.2022 01:04

Қайғылы жол апатына ауа райының қолайсыздығы себеп болған

Almaty.tv

Ақмола облысының Шортанды ауданына қарасты Бозайғыр ауылының маңында 21 көлік соқтығысып, 1 адам қаза тапты. Соның салдарынан тасжолда 100-ге жуық жүргізуші кептелісте қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жол апатына ауа райының қолайсыздығы себеп болыпты. Сондықтан еліміздің тағы 3 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Қызылорда, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерін тұман басты, біраз аймақта көктайғақ болуы мүмкін.  

«Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Басқа жағдайларда қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Ақмола полицейлері облыс тұрғындарына ауа райының нашарлауы туралы хабарламаларды ескермеуге және алыс сапарларға шығпауға кеңес береді, сондай-ақ жүргізушілерге қауіпсіз қозғалыс жылдамдығы мен автомобильдер арасындағы қашықтықты қатаң сақтау қажеттігін ескертеді», - деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің қызметкері Әсем Әбдікәрімова.