Жаңаөзендегі жарылыс: үйіндіні аршу жұмыстары толық аяқталды

19.04.2023 00:30

Көпқабатты үйлерге газ беру уақытша тоқтатылды

Almaty.tv

Жаңаөзен қаласында авариялық-құтқару және үйіндіні аршу жұмыстары толық аяқталып, келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр. Жарылыс орнына жақын тұрған көп пәтерлі үйлерге газ беру уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңаөзенде мамандар жарылыс болған аумаққа жақын орналасқан үйлердің газбен жабдықтау жүйесін жіті тексеріп жатыр. Айтуларынша, дәл осы жерден газ реттеу пунктіне жерасты газ құбыры, ал одан тұтынушыларға жер үсті газ құбыры қатар өтеді екен.

«Сараптамалық ұйым арнайы шақырылды. Ертең Ақтөбе, Алматы қаласынан сарапшылар келеді деп күтіп отырмыз. Жарылыстың нақты себебін білу үшін олардың ұйғарымын күтеміз. Ал тұрғындар тарапынан газдың иісі шығатыны жөнінде шағым түспеді», – деді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жансейіт Қайнарбаев.

Ал үйлері қираған тұрғындар газдың ащы иісін сезгенін айтады. Арнайы қызметке де хабарласыпты. Бірақ оған селт еткен ешкім болмады дейді.

«Құбыр жүргізердің алдында траншея қазады. Оны қазып болды, жарылыс болардың алдында бір апта, он күн бұрын салды. Екі-үш күннен кейін жаңағы иіс пайда болған ғой. Менің ағам өзі сол мекемеге телефон шалған. Мекеменің әкімшілігі қалай жауап бергенін білмеймін», – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Нұрлан Исатаев.

«Жылу 15 сәуірде сөндірілді. Үй жылынсын деп тамақ пісіретін пешті жағып қойдым. Шыққан иістен көзіміз ашып, сөндіріп тастадық. Үйіміз ала тұман болды. Жерден жоғары көтеріп қайта лақтырғандай қатты сілкініс болды», – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Дидар Ботабаева.

Қазір жарылыстан зардап шеккен 3 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары әлі де ауыр. Біреуі Ақтаудағы облыстық ауруханада емделуде. Жаңаөзендегі 2 науқасқа да ота жасалды. Ал травмотология бөліміндегі 3 адамның жағдайы тұрақты.

«Кеше 2 ота болды. Бірінші жатырдағы баланы алып тастадық. Омыртқасына зақым келген науқасқа ота жасалды. Облыстық ауруханадан 4 бригада келді. Травматолог, реаниматолог, нейрохирург, бас маман қатысты. 1977 жылғы науқас қан қысымымен түсті. Екеуініңде жағдайы өте ауыр. Екеуі де жасанды желдету апаратының көмегімен демалып, жансақтау бөлімінде жатыр», – деді Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухана директорының орынбасары Раушан Жапарова.

Айта кетейік, кеше Жаңаөзенде тұрғын үйде жарылыс болып, 4 адам қаза тапты. 13 тұрғын түрлі дене жарақатын алды.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Жаңаөзеннен