|
09.04.2019 | 20:31
4834

Көлігімен үш адамды өлтірген Ілияс Кардың жазасы өзгеріссіз қалды

Оның туыстары апелляциялық шағым түсірген болатын

Көлігімен үш адамды өлтірген Ілияс Кардың жазасы өзгеріссіз қалды kolesa.kz

Алматыда мас күйінде жол апатын жасап, үш адамды өлтірген Ілияс Карға тағайындалған жаза өзгеріссіз қалды. Ол 10 жыл бойы қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтейді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін атышулы іске қатысты апелляциялық сот өтті. Қылмыскер Кардың туыстары оған кесілген үкім «тым қатаң» деп, қалалық сотқа шағымданған болатын. Айтуларынша, Ілияс Кардың мас болып көлік айдағанына тергеушілердің нақты дәлелі болмаған. Сондықтан, 10 жылға бас бостандығынан айыруы әділетсіз дейді олар.

Қылмыскердің қорғаушысы аудандық сот Кардың жазасын жеңілдететін жайларды, яғни «бұрын істі болмағанын және шиеттей балаларының барын есепке алмады» деп шағымданды. Арызданушылар Кардың кінәсін мойындап, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрағанын және материалдық шығын да өтегенін де алға тартты. Сөйтіп оның жазасын жеңілдетіп, бас бостандығынан айырмайтын үкім шығаруды сұрады. Дегенмен, апелляциялық сот коллегиясы бастапқы инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.

«Кардың жеке өзі марқұмдардың туыстарынан кешірім сұраған жоқ. Оның орнына туысқандары өкініш білдіріп, кешірім сұрады. Марқұм Динара Хамитованың екі баласы жетім қалды. Аналарынан айрылу балалар үшін орны толмас қайғы. Сондықтан, қылмыскер заң алдында тиісті жазасын өтеуі қажет», - дейді Марқұм Д.Хамитованың туыстарының адвокаты Рамиля МҰХАМАДИЕВА.

Еске сала кетсек, жантүршігерлік жол апаты былтыр 29 желтоқсанда Абай және Сейфуллин даңғылдары қиылысында болған. Ілияс Кар Mercedes-Benz Gelendwagen көлігімен жол ережесін өрескел бұзып, Mitsubishi автокөлігін бүйірінен соққан болатын. Салдарынан, жеңіл көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы сол жерде тіл тартпай кеткен еді. Ал, сол көлікте болған төртінші адам – актриса Айзада Сатыбалдиева ауыр соққыдан аман қалып, әлі күнге ем қабылдауда. Жаға ұстатар апат жасап, жазықсыз жандарды мерт қылғаны үшін Ілияс Кар 10 жылға бас бостандығынан айрылып, 7 жыл көлік айдауына тыйым салынды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

ДТП
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир