Фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр
Павлодарда ер адам оныншы қабаттан құлап қаза тапты. Ол дәрігерлер оқиға орнына жеткенше тіл тартпай кеткен. Ақпаратты жедел жәрдемнің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін көпқабатты үйдің маңынан өтіп бара жатқан тұрғындардың бірі оның сымға ілініп тұрған бейнежазбасын әлеуметтік желіде бөліскен еді. Кейіннен опат болған тұрғынның 1976 жылы туғаны анықталды.
– Ер адамның құлау фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша Павлодар қаласының оңтүстік полиция бөлімінде тексеру бірыңғай тізімге тіркеліп, бірқатар сараптамалар тағайындалды, – деді Полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Алмагүл Түлебаева.
Облыстық жедел жәрдем стансасы бригаданың оқиға орнына 7 минутта жеткенін хабарлады. Соған қарамастан, азаматты аман алып қалу мүмкін болмапты. Қазір аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Бүйрегін 18 мың долларға сатпақ болған жігіт ұсталды