Әлдекімнің жауапсыздығы басқа адамдардың өміріне қауіп болмауы тиіс – Көлгінов

29.03.2020 00:33

Бұл оқиға инфекцияның қаншалықты қауіпті екенін тағы бір рет көрсетті

egemen.kz

Елордалықтарға жолдаған үндеуінде шаhар басшысы Алтай Көлгінов, ең алдымен коронавирустан көз жұмған әйел адамның отбасына көңіл айтты. Ал бұл қаза аталған індеттің қауіпті екенін көрсетті деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Өкінішке қарай, адам шығыны да бар. Індет кесірінен қаза болған кісінің отбасына көңіл айтамыз. Дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін жасады. Бұл оқиға инфекцияның қаншалықты қауіпті екенін тағы бір рет көрсетті», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ.

Науқас жатқан аурухана қазір карантинге жабылды. Кей дәрігерлері де ауруханаға жатқызылған. Карантинге жабылған тағы бір нысан – №1 автобус паркі. Аталған мекеме жұмысшысынан коронавирус анықталған. Науқас жүргізілген мониторинг барысында белгілі болды. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін автопарк жұмысшылары тескеруден өтеді. Мекеме аумағына және автобустарға дезинфекция жұмыстары жүргізілген. Тағы бір айта кететін жайт, 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында қоғамдық көлік тоқтайды. Автопарк жұмысшыларының денсаулығы жіті тексерілмек.

«Мемлекеттік комиссияның шешімімен 30 наурыз бен 5 сәуір аралығы жұмыссыз апта болып жарияланды. Медицина, құқық қорғау және қала өмірін қамтамасыз ететін коммуналдық шаруашылық қызметкерлері жұмысын жалғастыра береді. Азық-түлік алуға, дәріханаларға баруға, медициналық қызмет алуға және рұқсат етілгендерге жұмысқа баруға ғана рұқсат беріледі. Басқа әрекеттің барлығы  шектеледі, үйден шығуға болмайды. Бір айта кететіні, бұл – енді жай ғана өтініш емес, әрбір адам қатаң сақтауы тиіс Төтенше жағдайдың тәртібі. Енді қала көшелерін патрульдік қызмет қадағалайды. Әлдекімнің жауапсыздығы басқа адамдардың өміріне қауіп болмауы тиіс!», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай КӨЛГІНОВ.

Шаhар басшысы 25 наурыздан бастап зейнеткерлердің, диспансерлік есепте тұрған азаматтардың үйлеріне дәрі-дәрмек, қорғаныс құралдарын және азық-түлікті тасымалдау жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Өтініш iKomek 109 қызметі арқылы қабылдануда. Алтай Көлгінов адам көп шоғырланатын саябақтар, скверлер, жағалаулар жабылғанын да еске салды. Қоғамдық тәртіпті сақтау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз! Темірдей тәртіптен басқа жол жоқ деді әкім. Ал сөзін «жақындарыңыздың жаны қиналғанын күтпеңіздер, қазірден бастап қамданған жөн», – деп түйіндеді.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова,  «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан