Осыдан бір апта бұрын денесі күйген күйде қалалық ауруханаға келіп түскен
Тараздық тұрғын айдың-күннің аманында өзін-өзі жағып жіберді. Өртенген жігіттің туыстары болса, бұл жағдайға полицейлерді кінәлайды. Себебі олар елдімекенде болған мал ұрлығын кінәсіз жанға жаппақ болды дейді. Бұл жағдай күдіктінің өз-өзіне қол жұмсауына дейін жеткізіп отыр деген ойда. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жағдайдың ақ-қарасын анықтауға тырысты.
«Ұрып-соғып, қылқындырып ауа жұтқызбай қинады. Бір-екі күннен кейін болса да, мойныма іліп жіберетінін, бірдеңе салып жіберетін сездім де, күйіп кеткеннен кейін өзімді жағып жібердім», – деді қала тұрғыны Досжан Жарылқасын.
Бұл – 28 жастағы Досжан Жарылқасын. Осыдан бір апта бұрын денесі күйген күйде қалалық ауруханаға келіп түскен. Бұл жағдайының бері қараған түрі. Айтуынша, Тараз қаласының маңындағы «Шалғай Қарасу» алқабында 5 бас мал ұрланған. Кейін аймақтың құқық қорғаушылары Досжанды алып кетіп, «мойнына алу үшін қинады дейді.
«Шықсам, ағама жүр деп жатыр екеуі. Ағам айтып жатыр «мен бармаймын, кешегідей ұрып соқтыңдар» деп. Одан қалды екеуміздің көзімізше екеуі соттатып жіберем деп қорқытты», – деді Досжан Жарылқасынның інісі Жасұлан Жақып.
«Шығып қарасам олар тұр екен. Қорқытып жатыр. «Сені отырғызатын болсақ, былай да отырғызамыз, мойында» деп. Қысқан ғой баланы әбден. Ашуға салынғаннан оттықты алып, өртеніп кетті», – деді Досжан Жарылқасынның көршісі Ринат Тәжімов.
Полицейлер күдікті деп таныған Досжанның кінәлі емес екеніне сенімді. Себебі дәлелдің жоғын айтады. Ал, аталған әрекетке шарасыздықтан барды дейді.
«Науқас таяу күндері шығуға дайындалып жатыр. Келіп түскендегі диагнозы денесін 12 пайызын күйік шалған. Содан бері жасалған ем-домның арқасында қазіргі жағдайы жақсы», – деді Тараз қалалық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Әбілсейіт Сыдықов.
Шулы жағдайға полицейлердің айтары бөлек. Сақшылар керісінше жанған жанның өмірін сақтап қалдық дейді. Департамент мәліметінше, күдікті болған азамат бірнеше рет істі болған. Екі рет мал, 4 рет қалта ұрлығы бойынша ұсталған екен. Дегенмен Досжанның бұрынғы бұл әрекеттері, қыстады деген қызметкердерді жауапкершіліктен босатпақ емес. Қазір ол тұлғаларға қатысты да тергеу басталған.
«Жамбыл облысы бойынша жемқорлыққа қарсы күрес басқармасымен Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігімен полиция қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Азаматтың өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша өзіндік қауіпсіздік басқармасымен қызметтік тергеу жүргізілуде», – деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Шағымданған жанға жала жабылды ма, әлде әдейі жасалған әрекет пе? Оны тергеу нәтижесі көрсетеді. Әзірге жағдайдың жай-жапсары біздің бақылауда болмақ.
Мерей Бает, Шыңғысхан Кеңесхан, «Алматы» арнасы, Тараздан