2020 жылдың 9 айында елімізде 228 адам өрттен қаза тапқан

25.02.2021 в 00:35

Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев аталған мәселені айтып, Асқар Маминге сауал жолдады

Елімізде өрт жағдайларының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар жеткіліксіз. Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев аталған мәселені айтып, Асқар Маминге сауал жолдады. Ол, әсіресе, соңғы уақыттарда өрт фактілері жиілеп, адам шығыны орын алғанын мысал ретінде келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Өткен жылдың қыркүйегінде тиісті өкілеттіктермен және кадрлармен қамтамасыз етілген Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды. Алайда оның атқарған жұмысы әрдайым уақытылы және тиімді бола бермейді. 2020 жылдың тоғыз айында елімізде тоғыз мыңнан астам өрт болды, 228 адам қаза тапты, жарақат алғандар 217 адам», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев.

Ал, депутат Артур Платонов Үкімет басшысына жолдаған сауалында жыл сайын көктемгі су тасқынына сақадай сай деп мамандар есеп бергенмен, соңынан халық зардап шегетінін жеткізді. Оның сөзінше, қыруар қаржы бөлінгенмен нәтиже мардымсыз. Қазіргі уақытта қауіп төніп тұрған аймақта бүкіл Қазақстан бойынша аудандар бар екен. Атап айтар болсақ, 276 елді мекенді, 700-ге жуық автомобиль жолдарын және 300 теміржол учаскелерін қызыл су басуы мүмкін.

«2018 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде су тасқынының алдын алуға 12 млрд 300 миллионнан астам теңге, ал оның салдарын жоюға және өтемақы төлеуге - 18 млрд 304 млн теңге бөлінген. Ал, былтыр қызыл судың алдын алуға 8 млрд.735 млн теңге, салдарын жоюға 16 млрд 49 млн теңге жұмсалған. Бұл екі есеге жуық артық. Салдарын жоюға арналған қаражат мөлшері олардың алдын-алу сомасынан неге асып түсетіні туралы ойлануға мәжбүр етеді. Ал, бір күн бұрын Үкіметте мәлімделгендей, 500-ге жуық гидротехникалық құрылыс жөндеуді қажет етеді екен», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Артур Платонов.