Алматыда карантин жарияланғалы бері қоқыс шығару қиындап кеткен

23.03.2020 в 00:37

«Тәртіп» басшылығы жағдайға түсіністікпен қарауды сұрайды

Алматыда карантин жарияланғалы бері қоқыс шығару қиындап кеткен. Қатқыл қалдықтар шығарылмай, қолаңса иіс айналаға дендеп барады. Тұрғындардың базынасы осындай, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Азаматтар есік алдындағы тұрмыстық қоқыстар контейнерлерге толып, төгіліп жатқанын айтады. Қаладағы қоқыс жәшіктерінің біразы осындай көрністе. Бүгінде қоқыс жәшіктерін тазалау жұмыстарының көпшілігін жеке мердігер компаниялары өз міндетіне алған. Ретсіз шашылуының басты себебі – жұмысшы мен көліктің жетіспеушілігі. Өздеріңіз көргендей, жиналғаны тау болып үйіліп, шашылғаны желмен бірге көшеге ұшып жатыр.

Ал, «Тәртіп» АҚ басшылығы орын алған олқылықты былай түсіндірді.

«Карантин жариялағанға дейін бәр тәулікте 700-800 тонна қоқыс шығаратынбыз. 500-ден көп жұмысшы арнайы техникамен 250-ден астам рейс жасайтын. Алайда бір күн ішінде қалдықтың көлемі екі есеге артып кетті. Бұл –  заңды тұлғаларды есептемегенде. Оның үстіне қала жабылады дегеннен кейін, облыста тұратын қызметкерлер үйіне кетіп қалды. Осылайша 280-ге жуық жұмысшымыздан айырылдық», – деді «Тәртіп» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан БАЙТӨРЕЕВ.

Жауаптылардың сөзінше, осыған дейін жиналған қоқыс Алатау ауданындағы қоқыс өңдейтін зауытқа жеткізілетін. Енді ол жабылған соң, қала сыртына апаруға мәжбүр. Сонымен қатар, аулаларда бір-біріне жақын қаңтарылған көліктер де қоқыс шығаруға кедергі келтіреді екен. «Тәртіп» басшылығы жағдайға түсіністікпен қарауды сұрайды. Олқылықтың орнын тез арада толтыратынын жеткізді.

«Бұл мәселе жақын арада шешіледі. Тұрғындар сабырлық танытса екен. Қоқыс полигонына баратын рейстер санын 300-350-ге дейін ұлғайтамыз. Жұмыс уақыты 24 сағаттық режимге ауыстырылды. Қызметкерлерге ынталандыру ретінде сыйақы берілетін болады. Қалада вирус анықталған ошақтарда да арнайы техникалар жұмыс істеп жатыр», – деді «Тәртіп» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан БАЙТӨРЕЕВ.

«Тәртіп» акционерлік қоғамының басшылығы жұмыскерлер санын сақтап қалу мақсатында, шеттен келетін азаматтар баспанамен және 3 уақыт тамақпен қамту шаралары қолға алынғанын айтты. Сонымен қатар, заңды және жеке тұлғаларға наурыз бен сәуір айына төлемақыны кейінге шегерген екен. Яғни, аталған екі айдың ақшасын жыл соңына дейін бөліп төлеуге болады.

Ұлағат Арғынұлы, «Алматы» арнасы