Теңіз кен орнында көз жұмған азаматты бүгін туыстары жерледі

Теңіз кен орнында көз жұмған азаматты бүгін туыстары жерледі
50 жастағы азамат – Атырау қаласының тұрғыны
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Теңіз кен орнында құбыр жарылып, көз жұмған 50 жастағы азаматты бүгін туыстары жерледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір оқиғаға қатысты тергеп-тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жалпы Қазақстанда жыл басынан бері қауіпті өндірістік нысандарда 14 авария тіркелген. Оқиға салдарынан 9 адам зардап шегіп, 6 қызметкер қайтыс болыпты.

Теңіз кен орынында қайтыс болған кісі – 50 жастағы Атырау қаласының тұрғыны. Бүгін оны жақындары жер қойнауына тапсырды. 24 тамыз күні құбырға сынақтар жүргізіп жатқан кезде бір құбыр жүктемеге төтеп бере алмай жұмысшыға соғылған. Қызметкер оқиға орнында көз жұмыпты. Қазір кеніш аумағында барлық жұмыстар тоқтатылып, компания қызметкерлері вахталық қалашыққа жіберілген. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

«Қазір біздің компания марқұмның туыстарымен байланысып отыр. Біздің қызметкерлер де полицияға түсініктеме берді. Ары қарай тергеу құпиялығына байланысты ақпарат таратылмайды. Қайтыс болған қызметкеріміздің отбасына көмек көрсетіледі», – деді жоба үйлестірушісі Бақтияр Халматов.

ТЖМ ақпарына сай, жүк көтергіш механизмдерін пайдаланатын обьектілерде қауіптілік деңгейі 56 пайызға, ал мұнай-газ саласында 19 пайызға өскен екен. Жыл басынан бері қауіпті өндірістік нысандарда 127 оқиға тіркеліпті. Осыған байланысты 7 айдың ішінде 16 мың ғимарат тексеріліп, 20 мыңнан астам заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде 130 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды.

«Адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупін тудыратын өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 582 объект тоқтатылды. Ескірген, моральдық және физикалық тозған жабдықты пайдаланудан біртіндеп шығару бөлігінде орын алған проблемаларды шешу мақсатында Қауіпті өндірістік объектіні техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарына сәйкес технологиялық жабдықты ауыстыру жүргізіледі», – деді ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов.

Төтеншеліктер Қазақстан бойынша тозығы жеткен 3 мың 267 технологиялық жабдықты ауыстырмақшы. Әсіресе Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстанда құрылғылар тым ескі екен. Жауаптылардың айтуынша, өнеркәсіп иелері жыл сайын ауыстыруға тиісті техниканың тізімін өткізіп отыру керек. Алайда компания басшылары тізім бергенімен, жабдықтар ауыспайды. Салдарынан қызметтегі оқыс оқиғалар тіркеледі.

«Қазір заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Орындамаған жағдайда келесі жылы тексеру болған кезде, сол мекеме, кәсіпорын басшыларын жауапкершілікке тартады», – деді ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Самат Қазақбаев.  

Қазір қауіпті өндірістік нысандардағы техникаларды жаңартуға бағытталған «Жол картасы» әзірленген екен. Әуелде айтылған заң да осы бағдарлама бойынша дайындалыпты. Айта кетейін, ТЖМ ақпарына сай, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қауіптілік деңгейі магистральдық құбырларды пайдаланатын объектілерде 56 пайызға, газ шаруашылығында 52, атом энергиясын пайдалану нысандарында 17 пайыз, көмір саласында 12, мұнай-химия, мұнай өңдеу саласында 3 пайыз төмендеген екен.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан


Новости партнеров