Маңғыстаудағы елдімекенде жер асты суы көп. Оған жаңбырдан соң ми батпаққа айналатын көшелерді қосыңыз. Азаматтар кәріз суы араласып, құдықтағы ішер тіршілік нәрі ластанды деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мұнайлы ауданы Атамекен ауылындағы Көктем шағынауданында жер асты суы мәселесі – 9 жылдан бері өзекті. Тұрғындардың бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Елдімекенде жаңбыр жауса, жер асты суы көтеріледі. Салдарынан тұрғын үйлердің кәріз құдығы толып, лас су көшеге жайылады. Мүлдем жерге сіңбейді. Содан бері әркім үйінің ауласындағы суды арнайы техникамен сорғызып әлек. Қазір бұл зардапты тартқан үй саны 400-ден асқан.
Баспананың іші ылғал тартып, иістеніп тұр. Ал тұрғындар пәтерінде етік киюге мәжбүр. Ал кейбір отбасылар қаладан пәтер жалдап отыр. Ал әкімдік мәселені шешу үшін көшелерге құбыры жіңішке сорғы қойыпты. Бірақ оның қауқары жоқ. Құбыр аузына жиі қоқыс жиналып, бітеліп қалатын көрінеді.
– Әкімшілік жіберген су таситын көлікпен 3 рет су сорғыздық. Үш сағаттай кейін аулаға қайта су жиналды. Құдықтың суы да таза емес, сатып әкеліп, ішіп отырмыз, – деді Атамекен селолық округінің тұрғыны Әсет Шарманов.
– Жағдайы келгендер үйін бұзып, қайта салып жатыр. Ал қаражаты жоқ адамдар пәтер жалдап кетті. Себебі үйде өмір сүру мүмкін емес. Еденнің астын, ауланы су басып қалды. Бізге кәріз құбыры керек, жүйелі жұмыс жасалуы тиіс, – деді Атамекен селолық округінің тұрғыны Тақтагүл Өтемұраова.
Атамекен ауылы аумағында қазір 8 дренаждық жүйе жұмыс істейді. Бірақ жаңбыр жауғанда олардың күші жетпейді. Сондықтан тағы төртеуіне қаржы бөлінген.
– Кәріз дренажына, жобалық сметалық құжаттарға былтыр қаражат бөлініп, жоба аяқталды. Мемлекеттік сараптамаға тапсырдық. Шілдеге дейін оң қорытындысын алсақ, құрылыс жұмысын жүргізу үшін бюджеттік өтінім береміз, – деді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Мұстафаев.
Әкімдік алдағы уақытта жер асты суының қайдан шығып жатқанын анықтап, көлемін білу үшін техникалық зерттеу жүргізбек.
Фариза Өтесбай, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысына сауда орталығы өртке оранды