«Ұлымның шашын таныдым»: Алматы облысында жоғалып кеткен жігіттің туыстары көмек сұрайды

27.02.2019 00:38

Алматы облысында 22 жастағы жігіт белгісіз жағдайда жоғалып кетті

Алматы облысында 22 жастағы жігіт төрт күннен бері табылмай жатыр. Ал жігіттің туыстары сақшылардың сылбыр қимылына наразы. Чапаев ауылында орын алған шулы оқиға жайында Almaty.tv тілшісі Әмірболат Құсайынұлы тыңдап қайтқан еді.

Төрт күннен бері ұйқы-күлкіден айырылған Мамедовтердің үйі қарақұрым адамға толы. Тағаты таусылған туыстары Уакилдің тірі екеніне сенгілері келеді. Бұрын-соңды жоғалып кету, кешігу сынды келеңсіз қылығы болмаған ұлдарына қастандық жасалды деп жорамалдайды.

«Телефоны түнімен сөндірулі болды. Таңертең шығып, маңайды қарадым. Сол кезде аққан қанды көрдім. Аққан қан балалар алаңынан бастап, жертөлеге дейін жеткен. Жертөле ішіндегі қан кемі екі литр болар. Ұлымның шашын да таныдым. Музыка тыңдайтын құлаққабы да жертөледе жатты», – дейді Уакилдің әкесі Әли МАМЕДОВ.

Жас жігіттің аулада ауылдастарымен кездесіп әрі керілдесіп тұрғанын жолай өтіп бара жатқан туысы көрген. Балалар алаңындағы кездесудің соңы төбелеске ұласқан болуы мүмкін дейді қамыққан ата-ана.

Туыстарының айтуынша, жоғалып кеткен Уакил тұратын үйдің жертөлесінде аққан қанның көлемі көп, екі литрден кем емес. Тіптен, ата-анасы ұлдарының жұлынған шашын да таныған.

«Полицияда ит болуы керек еді. Қанның үлгісін алды, шашын алды. Құлаққапты да алды. Өздері келіп, әлденені щеткамен жағып, үлгілерді алып кетті. Ит қайда сонда? Қан қарайып, жерге сіңіп кетпей тұрғанда, итпен іздеуге болар еді ғой», – дейді күйінген Гүлмира КАРАМАНОВА.  

Тағаты таусылған әке-шеше полицейлердің сылбыр қимылына наразы. Із кесіп, күдіктілерді табудың орнына, өздерін полиция бөліміне қайта-қайта шақырып, ДНҚ тапсыртумен әурелеп жатқандарын айтты.  

«Із-түзсіз жоғалған азаматты қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлерімен қатар, жақындары да атсалысуда. Кейбір аймақтар тексерілді. Іздестіру жұмыстары облыстық полиция басшылығының бақылауына алынды», – деді Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Серік ҮПИЕВ.

Сақшылардан сағы сынған жақындары бақсы, құмалақшылардың алдына барып та жатыр. Көріпкелдердің бәрі «балаларың қатты жарақаттанған, біреулердің қолында, тез таппасаңдар айрылып қаласыңдар» депті. Одан әрмен зәресі кеткен ата-ана Уакилмен соңғы рет кездескен оның достарынан күдіктеніп отыр.  

Әмірболат Құсайынұлы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы