«Көкжайлауға» көлігімен көтерілген жүргізуші жазаға тартылды

26.05.2020 00:41

277 800 теңге көлемінде айыппұл салынды

«Көкжайлауға» көлігімен көтерілген жүргізуші жазаға тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұлттық саябақ инспекторлары жол талғамайтын транспорт жүргізуішісіне еліміздің Әкімшілік кодексінің 367-бабының 3-тармағына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтар экологиялық нормаларды бұзғаны үшін 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 277 800 теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ал, қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов кінәлілер міндетті түрде жазаланатындығын және бұл істпен қазіргі таңда полиция департаменті мен прокуратура айналысып жатқандығын айтты.    

«Қала әкімі Полиция департаментінің басшысына, Қоршаған ортаны қорғау прокурорына нақты тапсырма берді. Біз осы азаматтардың үстінен әкімшілік іс қозғаймыз. Онда ешқандай күмәнім жоқ. Егер жағдай болса, қылмыстық іс қозғаймыз. Өйткені ол – Ұлттық парк. Онда рұқсатсыз кіруге болмайды», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ.

Айта кетейік, демалыс күні тағы бір топ алматылық Көк-жайлауда сауық кешін ұйымдастырған. Кейіннен олардың әлеуметтік желіде табиғатты қалай ластап кеткені туралы тараған суреттері мен видеолары көпшіліктің ашуын туғызды.