Дезинфекциялық жұмыс 8 ауданда жүргізілген
Алматыда дезинфекция жұмыстары белсенді түрде жасалып жатыр. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, тұрғын үйлер мен аулалардан бөлек, қоғамдық орындар бар. Кешенді шаралар коронавирус індетінің ары қарай таралмауы мақсатында қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде қалада тұрғын үйлер мен аулалардағы тазалық жұмысына қала бойынша 500-дей жұмысшы жұмылдырылған. Ал қоғамдық орындарды дезинфекциялауға Қорғаныс министрлігінің 500 өкілі тартылған.
«Осындай жұмыстың арқасында біз алгоритм жасап отырмыз. Алгоритм бойынша мысалы науқас ауруханаға түскеннен кейін, сол күні міндетті түрде дезинфекциялық станция жасайды. 14 күн бойынша күн сайын жасалады. Одан кейін карантинге түскеннен кейін бір аптада 2 рет жасалады», – деді Алматы қаласы бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек БЕКШИН.
Алматыда осы тұста тұрғын үйлер мен аулаларды дезинфекциялаудың тоғызыншы кезеңі аяқталды. Дезинфекциялық жұмыс 8 ауданда жүргізілген. Оның ішінде карантинге жабылған аумақтар мен тұрғын үй кешендері де бар. Мәселен, Әуезов және Бостандық ауданындағы оқшауланған ошақтардың бірін залалсыздандыру процесін көріп қайттық. Таңертең бастап, құрал-сайманын толық сайлаған тазалық мамандары істеріне мұқият кіріседі. Арнайы форма киюден бастап, сұйықтық себілуі тиіс әр нүкте ескеріледі. Қысқасы, кіреберістен бастап ұстағыш, есік, баспалдақ, пошта жәшігі мен жеделсатының ішін түгел қалдырмай тазалап шықты.
Бұл – Бостандық ауданындағы Егізбаев 7/9 көшесінде орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірі. Мұндағы бір аула карантинге жабылған. Мамандар ауру ошақтарын дезинфекциялауға ерекше көңіл бөледі. Бұл жерді төрт рет тазалап үлгеріпті. Жалпы ауру ошақтарын дезинфекциялау күн сайын жүргізіледі.
Бұл – Мамыр 4 шағынауданындағы 297-үй. Мұнда да бір тұрғыннан коронавирус расталғындықтан, тұрғын үйдегі бір подъезд карантинге алынған. Содан бері ол жерді екі бригада күн сайын залалсыздандырумен айналысады. Жалпы Әуезов ауданында 50 ауру ошағы анықталған. Одан бөлек, дезинфекция жасалатын аулалар мен үйлер тағы бар.
«Біздің бригадалар қажетті құралдармен жабдықталған. Бірінші кезекте қорғаныс құралдарымен қамтамасыз еттік. Арнайы киім, бетперде мен медициналық қолғап беріледі. Біздің себетін қоспалар қауіпті қоспаның төртінші санатына жатады», – деді Алматы қаласы Әуезов ауданы бойынша дезинфекциялық жұмыстардың жетекшісі Мұратхан САПАР.
Алматыда бас-аяғы 8 жарым мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй, онда 24 мыңнан аса подъезд, 4 мыңнан аса аула бар. Бұл аумақтар карантин аяқталғанға дейін үздіксіз тазаланады. Оған қоса, дезинфекция жұмыстары тегін жасалады. Тиісті қаражатты қала әкімдігі бөлген. Сондықтан, тұрғындарға коммуналдық түбіртекке ақы келеді деп байбалам салудың да қажеті жоқ.
«Алматы қаласы әкімдігі ақша бөліп, дезинфекциялау жұмыстарының 9 кезеңін өткіздік. Осының бәрі Алматы қаласы әкімдігінің қаржысы есебінен жүргізіліп отырады. Ал ПИК бұрыннан клининг компаниялармен шартқа отырған. Олар аптасына бір рет подьезді жууы керек», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының инспекция бөлімінің басшысы Жандос ҚАЙЫРХАНОВ.
Ал, подьезд ішінде дезинфекция жасалған соң 5 сағатқа дейін шығуға болмайды дейді мамандар. Дегенмен далаға шығу қажеттілігі туындаса, медициналық бетперде мен қолғап киюді ұмытпаған абзал. Мәселен тұрғын үй кешеніндегі подьезді арнайы қоспамен тазалау үшін 45 минуттай уақыт кетеді. Құрамында хлоры бар химиялық препарат бар.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы