Мамандар құлаған Ан-26-ның «қара жәшігін» тексеріп жатыр

иллюстрированное фото: tulapressa.ru
иллюстрированное фото: tulapressa.ru
Қызыл ту маңында болған ұшақ апатына қатысты сарапшылар мен тиісті мамандардан тұратын арнайы комиссия құрылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ғаламторда Алматы маңында құлаған АН-26 ұшағының пилоты мен диспетчердің арасындағы диалог жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алайда мұның шындыққа қаншалықты жанасатынын Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі әлі растаған жоқ. Ал әуе кемесінің қара жәшігі табылып, шығарылған. Әзірге апаттың үш себебі болжанып отыр.

Қызыл ту маңында болған ұшақ апатына қатысты сарапшылар мен тиісті мамандардан тұратын арнайы комиссия құрылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, ұшақтың қара жәшігі еш ақаусыз алынып, қазір ондағы мәліметтер зерттеліп жатыр. Алдын ала жасалған болжам бойынша апатты жағдайдың негізгі 3 нұсқасы қарастырылған. Яғни ауа райының қолайсыздығы, техникалық ақаудың шығуы және адами фактор. Сондай-ақ бүгін Ютуб желісіндегі «Михаил Козачков» деп аталатын каналда диспетчер мен АН-26 ұшағының пилоты арасындағы жарты сағаттық диалогтың аудиосы жарияланды. Онда қону үшін жол едәуір ашық, бірақ тайғақ екені, сонымен қатар, Ан-26 әуе көлігімен қатар ұшқан тағы бір ұшақ бары айтылады.

«Алдыңғы борттардың ақпараты бойынша жол тайғақ. Орташа тайғақ. Аэродром кем дегенде 30 минутқа жабық. Бізде әуе апаты орын алды»,– делінген жазбада.

Бірақ мұны Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі әлі растаған жоқ. Алайда тексеріс жүретін болады. Жалпы ұшақ құлағанын жақын маңдағы куәгерлер видеоға түсіріп алған. Онда әуе кемесінің жарылғаны айқын көрінеді.

Ал «ұшақ апаты болған аймақ Халықаралық әуежай маңына жақын болғандықтан, мұнда ұшып қонатын ұшақтар көп және мұндай оқиғалар бірінші рет емес» дейді тұрғындар. Жалпы, апаттың қалай болғанын естіп, көрген адамдар бар.

«Кеше ұшақ құлаған уақытта жұмыста болдым. Қатты дауыс естілгендіктен, сыртқа шықсам, ұшақ құлапты. 5-10 минутта жедел жәрдем келді, артынша полиция қызметкерлері келіп, жолды жапты», – деді Талғар ауданының тұрғыны Әбдірайым  Ысрайылов.

«Осы аймақта жұмыс істеп жүргенмін. Сағат 5 шамасында әуежай жақтан ұшақ құлаған секілді қатты дауыс естідім. Кейін оны анық көрдім», – деді Талғар ауданының тұрғыны Айдын Сарыжігітов.

Айта кетейік, кеше кешкі сағат 5 жарым шамасында Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне тиесілі АН-26 әскери ұшағы Нұр-Сұлтаннан Алматыға қонуы керек болған.  Өкінішке қарай әуе кемесі діттеген жерге жетпеді. Ұшақ бортында болған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 4 қызметкері опат болып, 2-і ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, Ялкунжан Әшімжанов АТ.

Новости партнеров