Алматы-Бішкек тасжолының жылдар бойы жөнделмей келетін бөлігі бұқара үшін қауіпті болып барады. Күніне 60 мың транспорт өтетін тасжолдың тарлығынан екі-күннің бірінде кептеліс туындайды. Күре жолдың тауқыметін тартқан тұрғындар «ҚазАвтоЖол» өкілдеріне үндеу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соңы көз ілестірмейтін кептелесті кеше кешкісін жүргізушілер түсіріп желіге жүктеген. Олардың айтуынша, автокөлік қозғалысы мүлде тоқтаған. Өз бетінше төте жол іздегендер батпаққа батып, сонда түнепті. Ал таң ата тас жолдың тауқыметін тартқан жүргізуші де оқыста ажал құша жаздаған.
– Халықтың зарын ешкім тыңдамайды. «ҚазАвтоЖол» жолды жөндесін. Көлікте3,5 тонна жүк бар еді. Оның иесі төле десе, біраз шығынға батқалы отырмын, – деді жүргізуші Хасан Мухаммедов.
Аударылып жатқан көліктің қасында тұрудың қауіпті, жанармайы ағып, газдың иісі шығып жатыр. Кез келген сәтте өрт тұтануы мүмкін. Ал жүргізушінің сөзінше, жолды айналып өту белгісі анық болмағасын, жолдан шығып кеткен.
Тонналап жүк тасыған көлікті тұрғызу мүмкін болмады. Көмекке келгендердің де құрығы қысқа, қолғабыс қылуға қуаты жетпеді. Сондықтан зардап шегуші далада түнеп қалуым да мүмкін деп отыр.
– Ұзынағаш ауылына дейінгі жасалған жолда бір отбасынан 7 адам қайтыс болды. Оны көзіммен көрдім, – деді Беріктас ауылының тұрғыны Мейірхат Омаров.
Жол жиегін барлай келе көлігі шетке шығып қалған тағы бірнеше жолаушыны көзіміз шалды. Дені даудың басын осы жөнделмей келетін жолдан көреді. Алматымен екі ортада такси болатындар «қорлық көрдік» деп отыр.
– Бампер жұлынды, гранатасы кетті. Жол сапасы нашар болған соң, тапқан табысыңның жартысы машинаға кетеді. Әйтеуір жартысымен күн көріп жүрміз, – деді жүргізуші.
– Республикалық Алматы-Бішкек тасжолында кеше сағат 19:00 шамасында кептеліс болды. Біріншіден, қалың тұман, екіншіден, жүргізушілер жол жиегіне шығып, бірін-бірі озбақ болған. Содан жүк көліктері сыймай, кептеліс туындаған. Ал мынау айналма жол құрылысына келсек, қазір мердігер көпір салып жатыр. Жуырда бір жолағын болса да аяқтап береді. Жол белгілері тұр, құжатта көрсетілген жерге орнаттық, – деді «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаров.
Жұрт шағым айтқан аймақта көлік қозғалысы реттелген. Бірақ тар жолда бәрбір көлік тығыны болады. Сондықтан тұрғындар «жол толық жөнделуі тиіс» деп талап қойды.
Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Берекесіз «Береке»: Қараңғыда сусыз отырған ауыл тұрғындары батпаққа батып қалды