Алматыдағы жедел басқару орталығына митинг кезінде 10 мыңнан астам қоңырау түскен

14.06.2019 01:38

Оларға 14 оператор тәулік бойы көз ілмей қызмет етіпті

Фото: Вечерний Алматы

Алматылықтар митинг кезінде полицейлерге қоғамдық тәртіпті орнатуға көмектесті. Қаладағы жедел басқару орталығына 4 күннен бері дүйім жұрттан 10 мыңнан аса қоңырау келіп түскен. Барлығы дерлік өз қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оларға тәулік бойы көз ілмей 14 оператор қызмет етіпті. Дүйім жұрттың басым көпшілігін қала көшелеріндегі жаппай тәртіпсіздік алаңдатқан. Тіпті кейбіреулері белгісіз азаматтардың жиналғаны туралы да хабарлап, нақты мекенжайларды айтып отырыпты.

«Полиция, сәлеметсіз бе?! Білесіз бе, дәл қазір көзіме жас келіп отыр. Қатты қорқып отырмын. 1992 жылы тұрмысқа шыққан жерім – Грузияны тастап, осында көшіп келгенмін. Бүгінде мұнда түрлі ұлт өкілдері тату тәтті тұрып жатырмыз. Ал, енді бұл қандай бүлік?», – деген қоңырау шалушылардың бірі.

«Мені әлеуметтік хабар тарататындар шаршатты. Туған ағам хабарласып, сағат 4-те қалада қолдан кептеліс жасалады деп жатыр, оған не себеп? Маған осыны түсіндіретін біреу бар ма?», – дейді ер хабарласқан ер азамат.

Жалпы жедел басқару орталығында Алматы күні-түні бақыланады. Қоғам қауіпсіздігін сақтауға онлайн режимде жұмыс істейтін, қала көшелерінде орнатылған бейнекамералар да көмектеседі екен. Ал мамандар хабарласқандардың айтқандарын операторлар тыңдап, ешқайсысы елеусіз қалмады дейді.

«Орталыққа келіп түскен әр қоңырау біз үшін маңызды. Ешқайсысын бей-жай қалдырмаймыз. Мәселен, халықты 12 маусым күні әлеуметтік желідегі митингке шақыру мәселесі уайымдатты. Олар осыған байланысты Алматыдағы жағдайды сұрады. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтауға полицияның дайындығын сұрағандар көп болды», – деді Алматы қаласы ПД жедел басқару орталығының басшысы Андрей КВАШНИН.  

Айта кетейік, соңғы 5 айда 615 қылмыстық іс тек камералар арқылы ашылған. Жалпы қала көлемінде 119 мың бейнебақылау бар болса, олардың 45 мыңы осы жедел орталыққа қосылған. Ал мамыр айында камераларға жаңа жүйе де қосылған еді. Ол көліктегі мемлекеттік нөмірдің жалған екендігін де, әрі іздеудегі машинаны да автоматты түрде анықтай алады.

Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Теги: Митинг ЦОУ