«Бек Эйр» әуе компаниясының жолаушылары ұшақ билетінің ақшасын қайтара алмай жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Компания екі апта бұрын пайдаланушы сертификаты мен 9 ұшағының ұшу жарамдылығынан айырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бек Эйр» әуе компаниясының жолаушылары ұшақ апатына төрт ай өткенімен, әлі де билеттерінің ақшасын қайтып ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Компания болса, осыдан шамамен екі апта бұрын пайдаланушы сертификаты мен 9 ұшағының ұшу жарамдылығынан айырылды. Еске сала кетсек, жыл басында «Бек Эйр» компаниясы пайдаланылмаған билеттердің құнын қайтарамыз деп уәде берген еді. Алайда ақша қайтпаған. Бұған не себеп? Жапа шеккендер ақшасын қалай қайтара алады?

Алматылық Надежда Карнаева болған апатты әлі де ұмытар емес. Жары екеуі Нұр-Сұлтанға ұшуы тиіс ұшақта болып, ондағы сұмдықты өз көзімен көрген. Айтуынша, дін аман қалғандармен бірге жарақат алған адамдарды әуе кемесінен шығаруға көмектескен.  

«Жарым жарақаттанған адамдарды ұшақтан қауіпсіз жерге шығаруға көмектесті. Мен әуежайға әзер дегенде 40 минуттан соң хабарласа алдым. Көпке дейін тұтқаны көтермеді. Жедел жәрдем қызметі, құтқарушылар қайда деп сұрағанымда қолымда біреудің 4 айлық сәбиі, айналамда ашық жарақат қалған балалар жатты. Сұмдық картина. Алайда әуежайда маған «сіз қайда хабарласқаныңызды білесіз бе?» деп мазақ қылып жауап қайтарды. Олар ұшақтың құлағанын да білмеген», – деді жапа шегуші Надежда КАРНАЕВА.

Апат орын алғанына 4 ай өтсе де, Надежда әлі күнге дейін әуе билетін алған 119 мың теңгесін қайтара алмай жүр. Амалы қалмағандықтан, барлық құжаттарды жинап, сотқа жүгінуге бел буып отыр. Ол сияқты жапа шеккендер көп.      

«Міне, ақшамызды қайтара алмағанымызға 4 айдың жүзі болды. Компания бізге ақшамызды рейстер жаңартылғанда қайтарамыз деді. Алайда олардың ұшақтарының барлығы ақаулы жай-күйде болса, қалай ұшуға рұқсат беріледі. Түсінбеймін», – деді жапа шегуші Раушан АХАНАЕВА.

Жапа шегушілердің сөзінше, Бек Эйр компаниясының сайтында көрсетілген бір де бір нөмірге хабарласу мүмкін емес. Мәселеге көз жеткізу үшін біз де қоңырау шалдық.

Бек Эйрге біз де хабарласа алмадық. Ал азаматтық авиация әкімшілігінде колл-орталық қаңтар, ақпан айларында жұмыс істеген екен. Онда билеттерінің құнын қайтара алмай жүргендерге кеңес берілді. Анықталғаны, Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті «Бек Эйр» әуекомпаниясын сотқа берген. Аталған ведомствоға өз ақшасын қайтара алмаған 600-ден астам адам жүгініпті.  

«Қазіргі таңда сот процессі жүріп жатыр. 22 сәуір күні кезекті отырыс өтті. Келесісі 13 мамырға жоспарланған. Осы бағыттағы жұмыс жүріп жатыр. Егер ақшасын әлі де қайтармаған адамдар болса, олар бірден сотқа жеке тұлға ретінде жүгіне алады. Не болмаса Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне баруға кеңес береміз», – деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ ӨТЕПОВ.

Азаматтық авиация комитетінің өкілі билеттерінің құнын қайтара алмағандардан шағымдар әлі де түсіп жатқанын жеткізді. Ал әуе компаниясы жуырда ұшу сертификаттарынан айырылған болатын.  Айта кетейін былтыр 27 желтоқсанда Алматыдан елордаға ұшқан Фоккер-100 ұшағы көкке көтеріле алмай, апатқа ұшыраған болатын. Салдарынан 12 адам опат болып 69 адам зардап шеккен.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, Алматы арнасы

Новости партнеров