Алматыдан Қостанай облысына 120 тонна гуманитарлық көмек жіберілді
Ал, Алматыдан Қостанай облысына 120 тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттардың бәрі де өңірдегі өрттен зардап шеккендер тұрғындарға арналған. Игі бастаманы «Amanat» партиясы мен «Жастар рухының» белсенділері қолға алды. Қазір өңірдегі жергілікті төтенше жағдайға байланысты мегаполисте еріктілер тобы құрылып, 8 ауданда жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірді бөлшектеу оңай, ал көптің мысын басу қиын. Алматылық кәсіпкерлер мен меценаттар бас біріктіріп, көпке көмектесуді қолға алды. Жүк көлігіне тиелген азық-түліктердің бәрі де алыс жолға жарамды. Макарон, ұн, тұз, қант пен май секілді әлеуметтік маңызы бар тауарлар. Қазір еріктілер мен тұрғындардың бастамасымен қаланың 8 ауданында гуманитарлық көмек жинау орындары ашылған.
«Кез келген қала тұрғыны Қостанай жұртшылығына көмектескісі келсе, Алматы қаласы Абылайхан көшесі 79 «Жастар рухы» коверкингінде күтеміз. Біз әлі өрт салдарын білмейміз. Әлеуметтік, гуманитарлық көмек керек дейтін болса, тоқтатпаймыз», – деді қалалық «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы Әкежан Кеңесов.
Жүк тиелген гуманитарлық көмек арасында төсек орындар да бар. Көрпе-жастықтар «Бақытты отбасы» әлеуметтік қолдау орталығындағы көпбалалы аналардың тігін цехнынан алынды. Игі бастамадан қалалық мәслихат депутаттары да қалыс қалмады.
«Белсенділік танытып, Қостанай тұрғындарына жинап, жіберіп жатырмыз. Бүгінде мәслихат депутаттары қосылды. 1 фура дайындап қойдық. Жалпы 30 тонна әр түрлі азық-түліктер», – деді Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров.
Гуманитарлық көмектің алғашқы легі түнде аттанған еді. Олардың арасында жеке гигиеналық заттар мен құрылыс материалдарына дейін бар екен.
«Қостанайда болып жатқан қайғылы оқиға ешқайсымызға бей-жай болып жатқан жоқ. Бүкіл ҚР тұрғындары қолынан келгенше көмегін беріп жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандай Алматы қаласынан да таңнан бері 20 тонналық 6 жүк көлігі тиелді», – деді қалалық мәслихат депутаты Гүлжан Бекенова.
Көпке қол ұшын созған еріктілер мен қала тұрғындары бүгін 80 тонна азық-түлікті қосымша жөнелтті. Ол шашамен 3 күнде жетуі керек. Айта кетейін, Алматы мен Қостанайдың арасы 2 мың шақырымға жуықтайды.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы