Жаңалық ауылының тұрғыны бүгін 11 жасқа толар еді
Алматы облысының Жаңалық ауылында жеңіл көлік қаққан 11 жастар баланы мерт болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қайғылы жағдай кеше сағат 17:00 шамасында болған. Тас жолдың жүргіншілер жолағымен үйіне қайтып келе жатқан баланы жеңіл көлік жүргізушісі қағып кеткен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бала 200 метрге дейін ұшып кетіпті. Оқиға кезінде мектеп оқушысы тіл тартпай кетті.
Оқиғаның қалай болғаны әлеуметтік желіде бейне жарияланды. Кадрдан қоғамдық көліктің жүргіншілер өткелі жанында тұрғанын анық аңғаруға болады. Екінші жолақта келе жатқан жеңіл көлік жүргіріп өткен баланы байқамай, жоғары жылдамдықпен соғып кетеді.
Марқұм болған Мансұр – үйдің тұңғышы. Артынан ерген 2 інісі бар. Бүгін оның туған күні екен. 11 жасын мерекелеудің орынына жас отбасы балаларынан қапыда айырылып, етегі жасқа толып отыр.
«Бұлардың көшіп келгеніне екі жылға жуықтады. Мансұр өте керемет жігіт. Менің балаларымның досы. Мансұрды қаққан жерде менің екі баламды қаққан. 2016 жылдан бері балаларымды жылына екі рет емдетіп келемін», – деді көршісі Әлия Өтежанова.
Осыдан 2 апта бұрын дәл осы жолда 15 жастағы баланы көлік қағып кеткен. Ол да оқиға орнында көз жұмыпты. Басты себеп – жол бойында бағдаршам жоқ, жарық бағанасы істен шыққан. Сол себепті жүргізушілер жылдамдықты бәсеңдетпейді.
«Ауылымызда бір-ақ мектеп бар. Жолдың шығыс бөлігінде. Бірақ мына батыс жақта көпбалалы аналар көп тұрады. Бала-шаға осы жақтан жолдан өтіп мектепке келеді. Міндетті түрде сергек керек, бағдаршам керек», – деді Жаңалық ауылының тұрғыны Шынар Сүлейменова.
Ауыл тұрғындары жергілікті әкімдікке жол бойына қауіпсіздік белгілерін күшейтуді талай жылдан бері айтқан. Ауыл әкімдігі бұл тек бір басқарманың шешімімен қабылданатын шаруа емес деп мәселені созып келген көрінеді. Қазірдің өзінде халық талабының нақты қашан орындалатынын дөп басып айта алмады.
«Бұл жерде проектілер бар, облыс тарапынан, біздің тараптан жасалатын жұмыс бар. Уақытымен орындалады ол. Қанша уақыт кетеді. Оны айта алмаймын. Себебі мен тапсырыс беруші емеспін», – деді Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манаппаев
Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, баланы соққан күдікті ұсталып, қамауға алынған. 24 жастағы жүргізушіге қатысты тергеу шаралары басталып кеткен.
«Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-тармағы бойынша тіркелді. Алдын-ала тергеу ұйымдастырылып жытыр. Жүргізуші қазіргі таңда уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді облыстық полиция департаментінің анықтау басқармасының бастығы Медет Аязбаев.
Бүгін Жаңалық ауылының шығыс бөлігінде тұратын 200 баланы ата-аналары мектептке жібермей қойыпты. Олар жолға қауіпсіздік белгілерін қойып, мәселені бір жақты шешпейінше балалалары сабаққа бармайтынын жеткізді. Ал қапыда қаза болған бала бүгін жер қойнына тапсырылды.
Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы