Жантүршігерлік оқиға 26 сәуір күні Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылында болған
Атырауда 4 айлық баласын пышақтап өлтірген анаға қатысты сот отырысы басталды. Жантүршігерлік оқиға сәуір айының 26-сы күні Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылында болған. Полиция әзірше тергеу құпиясына сілтеп, көп нәрсені айтпай отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жұбайлар 2020 жылдың желтоқсан айында кішкентайлы болады. Оңаша қалған анасы өзін-өзі меңгере алмай, сәби жылауын қоймаған соң ас үй пышағымен нәрестенің кеуде тұсынан аяусыз пышақтаған. Тексеру кезінде жүйке ауытқуы бар деп анықталып, психикалық орталыққа жатқызылған.
«20 тамыздан бастап біздің орталықта ем алуда. Иә, расында психикалық ауытқуы бар екені анықталды. Қалғаны дәрігерлік құпия болғандықтан хабарланбайды. Болашақта ем алуы, бәрі де сот үкіміне байланысты», – дейді облыстық «Психикалық денсаулық орталығы» КМҚК директорының орынбасары Дамир Қожантаев.
Болған оқиғаны алғаш білген көршілері дереу полиция көмегіне жүгінген. Оқиғаға қатысы бар күдіктіге сот отырысы басталды. Бұған дейін мүлдем күйеуімен де, туысқандарымен де жанжалдасып көрмеген әйелдің расында да, жүйке ауытқушылығы анықталса, сотталмауы да мүмкін.
Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан