Жамбыл облысында сейіл құрған жастар жол апатына түсті

20.05.2020 00:55

5-6 жеңіл көлікті тізгіндегендер ауыл арасында жылдамдықты асырып, жолда жүру ережелерін өрескел бұзған

Almaty.tv

Жамбыл облысында тағы бір оқыс оқиға орын алды. Бұл жолы Байзақ ауданында көлікпен сейіл құрған жастар жол апатына түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

5-6 жеңіл көлікті тізгіндегендер ауыл арасында жылдамдықты асырып, жолда жүру ережелерін өрескел бұзған. Салдары апатқа әкеліп отыр.

Жарық бағанасына соқтығысқан BMW маркалы көлік жүргізушісі көптеген дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген. Абырой болғанда, кісі өлімі тіркелген жоқ. Кейін белгілі болғандай, ауыл жастары әскерден келген достарын күтіп, осылайша атап өтпек болған. Қазіргі уақытта апат болған және ереже бұзған 6 көлік жүргізушілеріне айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылды.

«BMW 525 автокөлігінің жүргізушісіне ҚР әкімшілік құқық-бұзушылық туралы коддекстің 610-бабының 1-бөлімі, 230- бабының 2-бөлімі, 590-бабының 9-бөліміне байланысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, осы дерек бойынша интернет желісіне тараған бейнежазбада басқа да 5 автокөлік иесіне ҚР әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодексінің 593-595 бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жауапкершілікке тартылды», – деді Байзақ ауданы Полиция бөлімінің бөлімше басшысы Бауыржан МЕЙІРБЕКОВ.