Бекет басшысы мен коммерциялық директор екеуінің қауіпсіздік туралы жауабы екі түрлі шықты
Оның айтуынша, күдіктімен екеуінің арасында ешқандай достық қарым-қатынас болмаған. Ал өзін ішкіш кейпінде көрсетіп ақпарат таратып жібергендерге бекеттің операторы ренішін білдірді. «Бар жазығым үйсіз-күйсіз, қарным аш деп жағдайын айтып келген күдіктіге сеніп қалғаным» дейді. Әлеуметтік желіні шулатқан оқиғаның анық-қанығы жайлы Almaty.tv тілшісі Қуан Нұрақын біліп қайтты.
«Кешкі сағат 17.00 шамасы ғой. Келіп, тереземді тақылдатады. Сізбен сөйлесейін деді. Далаға шықтық. «Отбасыммен ажырасып кеттім. Карточкамда 400 мың теңге ақша бар еді, тартып алды. Заңды түрде ажырастық. Үш күн болды бейітте түнеп жатырмын. Қарным аш, аға» деді. Бір тәрелке тамақ жылытып бердім», - деді жәбірленуші Бейбітжан КІДІКОВ.
Беті бері қараған Бейбіт Кідіков сол күнгі оқиғаны күрсіне отырып есіне алады. Айтуынша, күдікті оқиға болған күні жағдайын айтып келген. Ішке кіріп жылынып алайыншы деген аянышты түрін көріп, бас тарта алмадым дейді. Ал, ішке кіріп ауқаттанған соң күдікті сыртқа шығып кеткен. Айналасы 10-15 минутта қайта кіріп пышақ сұғыпты. "Оның іздеуде жүргендегін білмедім. Бар көздегені қалтамдағы ақша болды" дейді жәбірленуші.
«Былай бір ұрды. Артымнан тағы бір ұрды сосын. Сол кезде көзім қарауытып, дауысым шықпай бара жатты. Жерге құладым», - деді жәбірленуші Бейбітжан КІДІКОВ.
Дәрігерлердің айтуынша, пышақ негізгі органдарына тимеген. Абырой болғанда негізгі күретамырға бір милиметр ғана жетпей қалыпты.
«Жәбірленуші бізге 21 желтоқсан күні кешкі сағат 21.00 шамасында жедел жәрдем бригадасымен жеткізілді. Жағдайы өте ауыр болды. Ішімдік ішкен, ішпеген нақты айта алмаймын. Операция жасау кезінде ішімдіктің иісі байқалмады. Мойын тұсының алдыңғы және артқы жағынан жарақат алған. Нақтырақ айтсам, екі жерден сұғылған пышақ орнына шұғыл операция жасадық», - деді Алматы қаласы № 4 ауруханасының хирургі Арсен СЕРІКҰЛЫ.
Жәбірленушінің сөзінше, күдіктімен арасында жақын қарым-қатынас болмаған. Оны бар жоғы екі-ақ рет кездеске. Алғаш осы жылдың қараша айында күдікті бұзылған көлігін осы бекетке қалдырып қарай тұруын өтініпті. Екінші кездесудің арты осындай қанды қылмысқа ұласқан.
Бейбітжанның айтуынша, газ құятын бекетте бір жылға жуық уақыт жұмыс істеген. Содан бері басшыларына жұмыскерлерге жағдай жасап беруін бірнеше мәрте сұрапты. Күзет шақыратын құрылғыдан басқа ештеңе жоқ. Айына бар-жоғы 35 мың теңге ғана аламыз. Оның өзін қолға береді дейді. Алайда газ бекетінің өкілдеріне хабарласқанымызда бекет басшысы мен коммерциялық директордың қауіпсіздік туралы жауабы екі түрлі болды.
«Ол күні бейнебақылау камерасы болған жоқ. Жөндеуге алып кеткен», - деді газ құятын бекет желісінің коммерциялық директоры Марат.
«Бейнебақылау камералары болған жоқ. Себебі, ол жанармай бекетіне жақын жерге қойылған. Қойып үлгермеген ғой. Енді-енді қояйын деп жатқанда осындай жағдай болып қалды ғой», - деді газ құятын бекет желісінің коммерциялық директоры Дамир АШУБАЕВ.
Дәл осы газ құю бекетінің Қазақстан бойынша 282-сі бар. Оның 26-сы Алматыда. Қызметкерлер қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған жерде тағы қаншамыздың басымыз қатерге тігілетіні белгісіз дейді. Аз ғана айлыққа жұмыс істейтін олар өз өмірлері үшін алаңдап отыр.
Қуан Нұрақын, Нұржан Оразбеков «Алматы» телеарнасы