Оралда ала жаздай ыстық су болмауы мүмкін

17.05.2023 01:01

Жаңа ықшамауданның коммуналдық желісі жарамсыз болып қалған

Almaty.tv

Орал қаласындағы ірі аудандардың бірінде жылу желісіндегі апаттан 3,5 мың отбасы ала жаздай ыстық су көрмеуі мүмкін. Тозығы жеткен құбырлардың жарылуына байланысты қалада техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ең қызығы, әлі 10 жыл болмаған жаңа ықшамауданның коммуналдық желісі жарамсыз болып қалған. Жергілікті әкімдік енді екі жарым шақырымдық құбыр желісін жаңартуға жарты миллиард теңгедей ақша керек деп отыр. Жөндеу жұмыстарын 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.

Жұмағыз Зимағамбетова 6 жыл бұрын көпқабатты баспанадан 2 бөлмелі пәтер алған. Зейнеткер жерасты құбырларында жиі апат болып тұратынын айтады. Соның салдарынан тұрғындар үнемі ыстық сусыз қалады.

– Бір жетіден бері ыстық су жоқ. Қыста да үнемі тоқтап қалады. Ал ақшасын уақытылы төлейміз. Ыстық су да тез ақпайды. Алдымен 30 минут салқын су ағады. Судың қашан берілетінін білмей отырмыз, – дейді қала тұрғыны Жұмағыз Зимағамбетова.

Оралдың шетіндегі Зашаған кентінің құрылысы 10 жыл бұрын басталған. Содан бері мемлекеттік бағдарлама бойынша көпқабатты үйлер салыныпты. Жаңа ықшамауданның коммуналдық жүйесі 2 жыл бұрын сыр бере бастапты. Ай сайын құбыр жарылып, тұрғындарды әбігерге салған. Техногенді сипаттағы төтенше жағдайды жариялаудың негізгі себебі де – осы.

– Жылу желілері науаның ішінде орналасқан. Еріген қар, көктемгі су тасқынындағы су жылу жүйелері орналасқан науаға жиналып қалуына байланысты болат материалдан салынған құбыр тек 10 жылға шыдайды. Ең жақсы материал – пластик, – дейді қала әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.

Зашаған шағынауданында 3 бу қазандығы бар. Соның біреуі №3 қазандық апатты деп танылып отыр. Ол 18 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Ондағы 4 құбыр жаңасына ауыстырылады.

– «Тұрғындар қыс бойы жылусыз отырмасын» деп бригада үнемі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Жұмыстар қысқа дейін аяқталады, – деді «Жайықжылуқуат» АҚ директорының орынбасары Бекболат Қамешов.

Қазір коммуналдық мекеме қызметкерлері апат болған орындарда қазу жұмыстарын бастап кеткен. Осы аптада мердігер мекеме анықталады. Төтенше жағдай жариялануына байланысты келісімшарт бір көзден жасалады. Жөндеу жұмыстарын 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. Облыс орталығында биыл 10 шақырымдай жылу құбыры ауыстырылмақ.

Айнара Иса, Юрий Осипенко, «Алматы» телеарнасы, Оралдан