8-қабаттан құлап, өлім аузынан қалған елордалық тұрғынның жағдайы жайлы дәрігерлер не айтты

23.06.2020 05:03

8-қабаттың терезесінен секіріп кеткен нұр-сұлтандық жігіт алған ауыр жарақаттардың салдарынан жан тапсырды

sputniknews.kz

Сегізінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен нұр-сұлтандық жігіт алған ауыр жарақаттардың салдарынан жан тапсырды. Ал, оның әйелі ауруханада жатыр. Тірі қалған келіншектің жағдайын дәрігерлер қалай бағалауда? Суицид жасауға себеп болған не? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді. 

Айта кетейік, кеше кешке елордадағы «Инфинити-1» тұрғын үй кешенінен екі адам секіріп кеткен еді. Қазір бұл оқиғаға қатысты тергеу басталып кеткен.

Жаға ұстатарлық сұмдық оқиғаны көрген куәгер көп болды. Мұндай жағдай ойын алаңқайында ойнап жүрген балалар мен жасөспірімдердің жүйкесіне кері әсерін тигізе ме деп қорқады көрген тұрғындардың бірі.  

«Өрт сөндіреушілер төменнен көтеріліп келе жатқанын көрген  қыз өзін құтқаруға мүмкіндік берген жоқ. Сол құтқарушылардың көтеріліп келе жатқанын көріп, өзі құлады ғой жерге. Алдында жігіті құлаған ғой сегізінші этаждан. Енді соның артынша бұл да кеткісі келіп тұр ғой», – деді куәгер Ғалия Аймаханова.

«21 маусым күні кешкі қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына көпқабатты ғимараттан құлаған ер адам туралы қоңырау түсті. Дәрігерлер тобы дереу оқиға орнына жетті. 1989 жылы туылған ер адам №2 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді. Алған ауыр жарақат салдарынан ол, өкінішке орай, қайтыс болды», – деді Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Ерінің соңынан сегізінші қабаттағы терезеден секіруге оқталып тұрған әйел құтқарушылардың әрекетін көре сала, ауланың келесі бетіне ауысты. Куәгерлердің сөзінше, ол тәртіп сақшылары мен көршілерінің айтқан сөзіне еш құлақ аспады. Құтқарушылар мұнда да жедел әрекет етіп, «өмір кубын» бергі жақтан дереу дайындайды. Алайда оның үстіне құлаған келіншек мына жертөленің шатырына ұшып кетіп, жарақат алған.

Қазіргі кезде келіншек №2 ауруханада жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, оның жамбас сүйегі сынған. Бас сүйек ми жарақатын алған. Ал аталған оқиға бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

«Белгілі болғандай, ер азамат пен әйел бірге тұрған. Оқиға болған уақытта алкогольді ішімдік ішкен. Факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», – деді қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Эльмира Шауленова.

Азаматтық некедегі ерлі-зайыптыларды бұл әрекетке не итермелегені әзірге белгісіз. Білетіндердің айтуынша, биіктен секірген еркек пен әйелдің жиі мас жүретінін көреміз дейді.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан