Жеңіл көлік ішінде 6 адам отырған
Алматыда көпірден құлап кеткен көліктегі жолаушылардың жағдайы ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір жансақтау бөлімінде емделіп жатыр. Апатты жағдай Рысқұлов даңғылы мен Күдерин көшесінің қиылысында болған еді. Екі көлік көпір үстінде соқтығысып, біреуі жолдан шығып кеткен. Кесірінен аударылып, төмен қарай құлаған.
Көпірден төмен құлаған жеңіл көліктің ішінде 6 адам отырған. Олардың бәрі де ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, 67 және 62 жастағы 2 әйелдің қазір жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Бір жолаушының жарақаты жеңіл болып, үйіне жіберілген.
«2 науқастың да жарақаты бір-біріне ұқсас. Қосарланған жарақат. Кеуде қуысының жарақаты. Бірнеше қабырғасы сынған. Қол сүйегі, аяқ сүйегі және бұғана сүйегі сынған. Есі анық. Жағдайы тұрақты ауыр. Гемодинамикасы қалыпты. Қан қысымы қалыпты», – деді Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ермек Желдібаев.
Ал жолдың бір жолағынан екіншісіне шығып, ереже бұзған, апаттық жағдайға себеп болған көлік жүргізушісі 53 жастағы әйел екен. Қазір ол бұлтартпау шарасы бойынша үйінде отыр. Қамауға алынбаған. Полиция департаменті іске қатысты қылмыстық тергеу басталғанын хабарлады.
«Аталмыш дерек бойынша анықтау мақсатында қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның ішінде сот-медициналық сараптама яғни жәбірленушілердің дене-жарақатының деңгейін анықталады», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Оқиға болған аймақта көліктің ұсақ қирандылары жатқаны болмаса, жол жиектері дереу ретке келтірілген. Байқанымыздай Рысқұлов даңғылы бойында көлік ағыны көп. Күн-түні ауыр жүк көліктері өтеді. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, апаттық жағдайға себепкер болған әйел тек айыппұлмен құтылмасы анық.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы