Мектептегі бассыздық: 10 жастағы оқушы өзіне қол салмақ болған

Almaty.tv
Almaty.tv
Аталған дерек бойынша облыстық полиция іс қозғады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Киімін жыртып, үстіне дәретін шашқан». Бұл – Бесағаштағы №29 мектепте өзіне қол жұмсамақ болған оқушының ата-анасының жанайқайы. Олардың айтуынша, 10 жастағы баласына мектептің дәретханасында әлімжеттік көрсеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Дәретін сындырып, тәттіні соған малып, немеремнің аузыны салған» деп дабыл қаққан әже осы жағдайдан кейін баланың өзіне қол жұмсамақ болғанын айтты. Оның мүшкіл хәлін көріп, енді мектепті сотқа бермекші. Оқиға болған күні жедел жәрдеммен бара жатып, осындай аудио қалдырған екен. Кейін анасы әділдік сұрап, арнамызға сұхбат берді.

– Олар кәмпитке дәрет сындырып, баланың аузына салған. Баламды қорлап, ұрған. Шалбарын жыртып тастаған, – деді баланың анасы Әсем Биғалиева    

Қазір өмірімен есеп айрыспақ болған баланың жағдайы бірқалыпты. Ара-тұра жағдайы нашарлап қалатын көрінеді. Себебі ащы дәрілерді уыстап ішіп, асқазанын жаралап алған. Ал баланың анасы мектеп директорының осындай масқараны жылы жауып, ақша ұсынғанын айтты.

 Мектеп директоры 200 000 теңге беретінін айтты. Өтінішті алып, мектепте ешнәрсе болмағанын айтып, «чатта кешірім сұра» деді, – дейді баланың анасы Әсем Биғалиева.

– Мектеп директоры педагогикалық этикаға жат қылық танытып тұр. Директорға «осы жағдайдан кейін, өз еркіңізбен жұмыстан кетіңіз» деп айттым, – деді Талғар ауданы білім бөлімінің бастығы Айнагүл Үшкемпірова.

Білім ордасының басшысы жазылған арызға қарамастан, бәрі жала болуы мүмкін деген пікір айтты. Өйткені еш дәлел жоқ, мектептегі 52 камера әлімжеттікті түсірмеген деп сендірді.

– Ондай жағдай болмаған. Өйткені дәлел жоқ. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Аяқталған соң толық жауап беремін. Мектептің камерасында баланың қандай көңіл күйде кетіп бара жатқаны бар. «Киімі жыртылды» деп тұр анасы, бірақ баланың киімі бүтін, – деді № 29 мектеп директоры Назым Сәрсебаева.

Арызданушылар «Алматы облыстық білім басқармасынан келген мамандар алдымен жәбірленуші тараппен емес, әлімжеттік көрсетті деп күдікке ілінген оқушылардың ата-анасымен жабық жиын өткізді» дейді. Жиналысқа зардап шегуші тарап шақырылмаған.

– Екі ата-ана келді, сөйлесіп отырмыз. Балалармен де сөйлестік. Жексенбі күні осы жағдай болды деп жазды. Ал екінші тараппен әлі сөйлескен жоқпын, – деді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.

Ал аталған дерек бойынша облыстық полиция іс қозғады.

– Аталған дерек ҚР ҚК 105-бабының 3-бөлігі бойынша Талғар ауданының ПБ-да тіркелді. Тексеру барысында кәмелетке толмаған баланың үйінде дәрі ішкені анықталды, – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ернар Сәйділдин.

Әлімжеттік көрсетті деп күдікке ілінген оқушылардың ата-анасы өзін камерадан көрсетпеуді сұрады. Олардың айтуынша, өтірік жала жаппақ болған. Ал полиция өкілі нақты шешім тексеріс нәтиежесінен кейін айтылатынын жеткізді.

Әлібек Шынтемір, Хангелді Ахметханов, «Алматы» теларнасы

Оқи отырыңыз: Балаларына тиісінше тәрбие бермеген қанша адам ата-ана құқығынан айырылды

Новости партнеров