Мамандар төтенше жағдай кезінде тек ресми мәліметке сенуге шақырады
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Президентке Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қасым-Жомарт Тоқаев ведомство басшысына шаһардағы жағдайды бақылауды қамтамасыз ету үшін қала әкімімен, сондай-ақ мегаполистегі барлық жауапты мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды.
Ал қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен сейсмологтар журналистермен кездесуде бүгінгі жер сілкінісінен кейін ілеспе дүмпулер болмайды деген болжам айтты.
– Бірнеше мәрте мұндай күшпен жер сілкіністері болды. Атап айтсақ, 1990, 2015 жылдары ілеспе афтершоксыз жер сілкінісі болды. Соған қарай бұл ошақтың ерекшелігі афторшоксыз, ілеспе дүмпулерсіз өтетін сияқты, – деді Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы басшысының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков.
Сондай-ақ мамандар төтенше жағдай кезінде тек ресми мәліметке сенуге шақырады. Әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерде шаһарда жер сілкінісінің екінші толқыны болады және оның магнитудасы жоғары балға жетеді деген түрлі ақпарат тарап жатыр. Олардың бірінде қалада түнгі сағат 24:00 мен таңғы 6:00 аралығында жойқын жер сілкінісі болатыны және өзге өңірдегі қызметкерлер Алматыға тартылып жатқаны айтылған. Ресми органдар оның бәрі қауесет екенін айтып, елді дүрлікпеуге шақырды.
– Қаңтардағы жер сілкінісі, бүгін ресми ақпарат көзінен ғана мәлімет алу керек екенін айтып жатырмыз, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев.
Оқи отырыңыз: Жер сілкінісі: Алматыдағы халықты қабылдау пункттеріне 1300-ден астам адам хабарласты