Тексеріс нәтжесінде COVID-19-ды 10-нан аса әскери жұқтырғаны белгілі болған
Жамбылда карантин талаптарын сақтамай, әскери бөлімде дертті өршіткен басшылар жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
25 сәуірде «Оңүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 01/731 әскери бөлімшесі қызметкерлерінің коронавирус індетін жұқтырғаны туралы ақпарат тараған болатын. Артынан бөлімшенің карантинге жабылғаны белгілі. Ал, бүгін министрлік өкілдері аталған әскери бөлімше басшыларының жұмыстан босатылғанын мәлімдеді.
Тексеріс нәтжесінде COVID-19-ды 10-нан аса әскери жұқтырғаны белгілі болған. Оның себебін бөлімшеде карантиндік талаптардың тиісті дәрежеде сақталмауымен байланыстырып отыр. Сонымен қатар, індеттің таралуына қарсы профилактикалық іс-шараларды басшылық құрам мен медициналық қызметкерлердің тиісті дәрежеде ұйымдастырмауынан делінген. Олқылыққа орын бергендер осылайша жылы орындарынан айырылды.
Қорғаныс министрлігінің басшылығымен жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылданды. Әскери бөлім және медициналық қызмет қолбасшылығы, сондай-ақ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелерін тылдық қамтамасыз етумен айналысатын бірқатар офицерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Әскери басшылықпен Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде коронавирустың таралуына жол бермеу жөнінде қосымша шаралар қабылдауды, алдағы уақытта осындай жағдайларға жол бермеу үшін олардың сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.