Нұр-Сұлтанда балабақшадан шығып кеткен балалар ісі: тәрбиеші жұмыстан шығарылды

09.10.2021 02:49

Балабақша өкілі оқиғаның қалай болғанын баяндап беруге ниет білдірді

стоп-кадр

Елордада жеке балабақшадан екі баланың жазғы киіммен далаға шығып кеткені туралы кеше ғана хабарлаған едік. Бүгін арнамызға осы мекеменің өкілі қоңырау шалып, істің қалай болғанын баяндап беруге ниет білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Оның айтуынша, осы топқа жауапты тәрбиеші кінәсін мойындап, жұмыстан шығарылды. Жалпы, электр желілерінде болған ақауға байланысты қауіпсіздік жүйелері істен шыққан көрінеді. Сол сәтте балалар қосалқы есіктен таңертеңгі қабылдау кезінде сыртқа шығып кетсе керек.  

«Біз үшін қауіпсіздік – ең маңыздысы. Балабақшамыздан шығып кеткен балалардың дін аман болғаны бізді де, ата-аналарды да қуантты. Әрине, кінәмізді мойындаймыз. Адами фактор, қателіктер болып тұрады. Жауапкершілігімізді сезінеміз. Мемлекеттік органдар алдында жазамызды алдық. Біз тұрғындар айтқандай, балаларды жол бойында ойнатпаймыз. Өзіміздің жабдықталған, қоршалған ойын алаңқайымыз бар», – деді балабақша құрылтайшысы Сәбина Бақытжанқызы.

Қоғамда қызу талқыланған оқиғаға қатысты осы балабақшаға сәбилерін апаратын ата-аналар да өз пікірін білдірді.   

«Балабақшада болған жағдай күтпеген жерден болды. Бізге ұжымы ұнайды. Балалар шығып кеткен қосалқы есікті біздің өтінішіміз бойынша ашып тұрады. Себебі айналып, арт жағынан келуге жол жоқ. Қайта әкімдік осы мәселені шешуі керек емес пе? Ал балаларды тауып алған адамдар алдымен видеоға түсіруді емес, олардың денсаулығын ойлауы керек еді», – дейді ата-ана Әлима Айкешова.