Құлжа тасжолында 4 адамды көлік қағып кетті

01.06.2022 01:37

Облыстық полиция басқармасының мәліметінше, жол көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалған

Almaty.tv

Құлжа тасжолында бір аптада төрт бірдей адамды көлік қағып кетті. Талғар ауданы Бесағаш ауылдық округіне қарасты «Аспан сити» тұрғын үйінің халқы осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алатау мен Құлжа тасжолының ортасында тұрамыз деген дүйім ел жақындарымыз жолдан өтерде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді. Тасжолдан тарыққан ел аспалы көпір салып берсе дейді

Бұл – Бесағаш ауылына қарасты «Аспан Сити» тұрғын үй кешенінің тұрғындарының жанайқайы. Екі күннің бірінде адам қағып, аласапыран күй кешеміз деген ел әр күні үшін алаңдайды.

«Мынау трасса таңертең сағат 06:00-дан бастап көлік көп жүреді. Біз жолдан әзер өтеміз. Салынған көпірдің астынан өту үшін екі жолды кесіп өтуге туа келеді. Өте қауіпті, баламен жүреміз», – деді Талғар ауданының тұрғыны Жадыра Жалишева.

Жолдан өту мұң болды деген жергілікті жұрт екі күннің бірінде бұл маңнан адам қағады деп шошып отыр. Өйткені тас жолдағы теміртұлпарлар тоқтаусыз өтеді, әрі жылдамдықтары да құйындай дейді. Апат айтып келмейді, бірақ қайтып келуі мүмкін деген дүйім ел дереу бір шара қолданса дейді.

«Мына жақта бір баламен әйелді қағып кетті. Оны көрдік терезеден. Жедел жәрдем көлігі келді. Жағдайымыз нашар, автобус жүрсе дұрыс болар еді», – деді Талғар ауданының тұрғыны Гүлбахрам Мұзафарова.

Құрылысы таяуа аяқталған тұрғын үйде қазір 500-ден астам адам тұрады. Қаладан қашық болғандықтан жұмысын жырақта істеп, қалаға қатынайды. Ал жолға қатысты шағым жиі түседі деген Бесағаш ауылдық округі әкімдігі мәселені шешуге тырысамыз деп қысқа қайырды.

«Мәселені арнайы белгі мен бейнекамера қоюға болады. Құлжа тасжолы бойы бізге қарамайды. Алматы мобилді құрылыс басқармасының қызметінде. Сол кісілер айналысады. Тұрғын үйге қатысты айтарым, құрылыс жасаушылар үйлерді толық бітірген жоқ», – деді Бесағаш ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Абзал Мұсабай.

Облыстық полиция басқармасының мәліметінше, кешегі жол көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалған. Мұндағы жұрт осы сияқты оқыс оқиғалардың қайталанбауы үшін тездетіп бір шешім шығару қажет деп отыр.

Әлібек Шынтемір, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы