Кеше ақпарат құралдары қоқыс полигонынан жайлаған түтін деп хабарлаған болатын
Алматы-Өскемен тасжолында болған жаппай көлік қақтығысының себебі белгілі болды. Кеше ақпарат құралдары қоқыс полигонынан жайлаған түтін деп хабарлаған болатын. Ал шын мәнінде тақтайдай бетон жолында жеті бірдей көлік не себептен қақтығысты? Алматы облысынан Almaty.tv тілшісі Рахат Рахымжановтың репортажы.
Алматы-Өскемен тасжолының 34-шақырымында 7 көліктің қатысуымен болған жол апаты дәл осы жерде болған. Көлік қақтығысына себеп – түнде түскен қалың тұман. Облыстық ПД ресми ақпарынша, көлік қақтығысынан 3 адам жарақат алған.
Оқыс оқиға кеше кешкі сегіздер шамасында орын алған. Алдымен оңтүстікке бағыт алған жүк көлігі мен жеңіл автокөлік соғылған. Бұл жайт дереу инстаграмм әлеуметтік желісінде тарап кеткен.
«Анау әне қоқыстың түтіні шыққан трассаға. Сосын көк түтіннен көре алмайды алды-артын осындай көлік апаты болған», – деді көлік жүргізушісі Серікжан Рыскелді.
Көлік жүргізушілері жаппай көлік қақтығысына жақын маңдағы қоқыс полигонының өртенуі себеп, дейді. Айтуынша, тілсіз жаудың түтіні салдарынан жол көрінбей қалған. Алайда полигон басшылығы мұның барлығын жоққа шығарып отыр.
«Қоқыс полигонының аумағында кеше ешқандай өрт болған жоқ. Егер қызыл жалын шықса, біз дереу төтенше жағдайлар қызметі мен өрт сөндірушілерді шақырар едік. Тағы айтамын кеше біздің аумақта ешбір өрт дерегі тіркелген жоқ», – деді Іле аудандық қоқыс сұрыптау зауытының директоры Ерік Еркенов.
Мамандардың айтуынша, көліктердің бірі екі жүргіншіні қағып кеткен. Абырой болғанда, ауыр жарақат алмапты. Дереу оқиға орынында жедел медициналық көмек көрсетілді.
«Аталған жоба бойынша әкімшілік хаттама толтырылып сотқа жіберілді. Өз кезегімізде жүргізушілерді жолда барынша сақ болуға шақырамыз және мүмкіндігінше алысқа жолға шықпауларын сұраймыз», – деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбекова.
Жолаушылардың көбі апатқа тұман себеп десе, енді бірі автожолдың мүлде тазаланбайтынын айтады. Сол себепті бұл аймақ әрдайым көк мұз болып жатады деп шағымданып жатыр. Ал, жол тазалығына жауапты Қазавтожол ұлттық компаниясы ақталып әлек.
Жол азабын жүрген білер! Көлік жүргізушілерінің де пікірін білдік. Жол тазалығы олардың көңілінен шыға ма екен?
Блиц:
- Я бы не сказал, что каждый день чистят. Так себе! - Ну вот какая главная здесь проблема? - Загрязнение дороги: снег лежит, гололёд.
- Как чистят эту трассу? - Вон проехали сейчас, посмотрели - никак! Плохо!
Иә, расымен, республикалық тас жол жиі тазаланбайтын көрінеді. Тіпті, жол жиегін белгілейтін сары жолақ та көрінбейді. Салдарынан жол апаты да орын алып тұрады.
Рахат Рахымжанов, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» арнасы