Оқу үлгерімдері жақсы еді: Алматыда денесі су астынан табылған оқушыларға байланысты тергеу бір айға созылмақ

14.02.2020 01:13

Бақытжан Сағынтаев жағдайды өз бақылауына алып, қайғыдан қан жұтқан отбасыларға көмек көрсетілетінін айтты

Almaty.tv

Алматыда суға батып қаза болған балалар оқуда үлгілі болған. Басында жоғалып, кейіннен денелері лай судан табылған үш оқушының ұстаздары оларды осылай еске алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түскі ауысымда оқитын жеткіншектер кеше үйлерінен аман-есен мектепке шығып, сол күйі оралмаған. Ата-аналары кешіккен балаларын іздеп шарқ ұрып, арнайы мамандардың көмегіне жүгінген. Түнімен іздеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде оқушылардың денесі бүгін таңға жуық «Теректі» шағынауданы маңындағы жасанды су қоймасынан табылды.

14 жастағы балалардың жоғалғандығы туралы Алатау аудандық ішкі істер басқармасына кеше кешкі 20.30 шамасында ақпарат түскен. Содан бері сабаққа кеткен жеткіншектерді іздестіру шаралары жаппай жүргізіле бастапты. Іздеуге төтеншеліктермен қоса, 6 ерікті де атсалысып маңайды барлап шыққан.

Өрімдей ғана балалар су қоймасы маңында ойнаған болуы керек. Өйткені еріктілер балалардың сөмкелерін судың жағасынан тауып алған. Тіпті олар судың ортасындағы мұздың жарылғанын көріп, төтеншеліктерді шақырыпты. Құтқару қызметі тез арада жетіп, сүңгуірлер 3-4 метр тереңдікке бойлап, балалардың денесін іздей бастаған. Алайда өкінішке қарай, жоғалған оқушыларды аман алып қалу мүмкін болмапты.

«Түнде бізге «Алғабас» шағынауданында тұратын үш кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы ақпарат жетті. Біз тез жиналып, ата-аналарымен, дос, таныстарымен сөйлесіп, олардың болуы мүмкін деген жерлерді қарап шықтық. Алдымен үшке бөліндік. Бірден иесіз қалған ғимараттарды, құрылыс аймақтарын және сол маңдағы суатты да араладық», ¬- деді ерікті Ләззат ТӘЛІМОВА.

Денис Мельников, Вадим Сизов пен Сабыр Дүйсеғалиев оқитын №184 мектеп бүгін қара жамылып отыр. Балалардың ұстаздары да қатты абдырап қалғанға ұқсайды. Олар үшеуінің де оқу үлгерімдері жақсы болатын дейді. Сондай-ақ мұғалімдер балалардың мектепке келмеу себебін ата-аналарынан біліп, арнайы журналға белгілеп отырамыз деген уәж айтты. Алайда дәл осы оқиғаның журналға түсте тіркелген-тіркелмегендігі белгісіз.

«Балалардың үлгерімі жалпы жақсы. Мектепішілік жаңағыдай ешқандай бақылауда болған жоқ. тәртіптері де жақсы. Сондай момын, ешкімге артық қақ-соғы жоқ, жақсы, үлгілі балалар болатын негізі. Сынып жетекшісі кеше сол қайғылы жағдайды өз көзімен көрген соң ауруханаға түсіп қалды. Сондықтан да бұл нақты ақпаратты сол сынып жетекшісінің өзінен ғана ала аламыз», - деді №184 жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасары Айткүл ҚАДЫРҚҰЛОВА.

Орны толмас қазаға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та пікірін білдіріп, қайғыра көңіл айтатынын мәлімдеген болатын. Шаһар басшысы жағдайды өз бақылауына алып, қайғы жұтқан отбасыларға көмек көрсетілетінін айтқан еді.

«Түні бойы балаларды іздеп шықты. Өкінішке орай, бүгін таңғы 08  шамасында үш баланың денесі судан табылып сот-медициналық сараптама алу үшін қалалық мәйітханаға жеткізілген. Қазіргі таңда Алатау ауданының ішкі істер бөлімі тергеуге кірісті», - деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Полиция өкілінің айтуынша, тергеу жұмыстары бір айға созылады. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті бұл қайғылы жағдай жыл басынан бері тіркелген бірінші оқиға дейді. Ал былтыр осыған ұқсас бір жағдай тіркелген, бірақ адам шығыны болмаған екен.

Назкен Еркін, Нұржан Оразбеков «Алматы» телеарнасы.