ТЖД мамандары улы газдың ену қаупін алдын алатын1034 құрылғыны іске қосқан
Биылғы жылдың соңғы 10 айында Алматыда 480 өрт тіркелген. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 18 пайызға төмен. Шығын көлемі 54 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өрт шыққан аймақтардан 34 адам құтқарылып, 558-і көшірілген. Ал 7 адам тілсіз жаудан мерт болған. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Арман Байгеловтың айтуынша, қаланы газдандыру бағдарламасы аясында көмірмен жылитын үйлердің саны 2,2 есе азайған. Бұл ретте көгілдір отын тұтынушыларының саны көбейген сайын, табиғи газдан улану деректері де артыпты. Мәселен, осы жылдың өзінде 36 адам уланған. Сол себепті төтеншеліктер тұрғындардан өртке қарсы қауіпсіздікдік шараларын қатаң сақтауды сұрайды.
«Тұрғындардан өтініп сұрайтынымыз: газдың иісін сезсеңіздер, бірінші кезекте бөлмені желтетуге кірісіңіздер. Электр қуатын қоспаңыздар. Есік-терезелерді ашып тастап, бөлмені жағымсыз иістен тазартып, желдетіп алыңыздар», - деді Алматы қалалық ТЖД бастығының орынбасары Арман БАЙГЕЛОВ.
Бұл тұрғыда қаладағы жекеменшік үйлерге өртке қарсы дабыл қондырғылары орнатылып жатыр. Мамандар жыл басынан бері қала бойынша тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың үйін аралап, тұншықтырғыш газдың ену қаупін алдын алатын 1034 құрылғыны іске қосқан.