Алматы облысындағы тас жолдан табылған баланың анасы отанына қайтарылуы мүмкін. Облыстық полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, ол шаруа қожалықтарының бірінде уақытша тұрып жатқан Өзбекстан елінің азаматы. Нақты шешім шығару үшін қазір бұл іс сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
44 жастағы келіншек баласымен бірге көршілес шаруа қожалығына келіп, баласын көліктің ішінде қалдырған. Ал 5 жасар бала машинадан түсіп, қожалықтан алыстап кеткен.
«Полиция қызметкерлері аталған факт бойынша профилактикалық тергеу амалдарын жүргізуде. Процессуалдық шешім қабылдау үшін, бұл іске қатысты жиналған барлық материалдар сотқа жіберілді. Сотта ол азаматшаны отанына қайтару мәселесі шешілетін болады», – деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Еске сала кетейік, Жамбыл ауданындағы тасжолдан жалғыз тұрған белгісіз бала табылған еді. Оны байқап қалған ер адам бүлдірішінді бейнекамераға түсіріп, туыстарын табу үшін жазбаны әлеуметтік желіге жүктеген болатын.