Әскери база маңында орналасқан мына кәсіпкерлік нысандарының шығынын әкімдік өз мойнына алып отыр
Жамбылдағы жарылыстан жапа шеккен тұрғындар мен кәсіпкерлердің мүлкі жөнделіп жатыр. Арнайы штаб өкілдері кәсіпкерлер мен тұрғын үй шығынын толықтай әкімдік төлейтінін айтады. Қазір мамандар нысандарға сараптама жүргізіп жатыр. Техникалық бақылау жұмыстары біткен соң шығын көлемі де белгілі болмақ. Сондай-ақ бүгін осы өңірден тағы бір суыт хабар келіп жетті. Almaty.tv тілшісі Мерей Бает рет-ретімен айтып береді.
Әскери база маңында орналасқан мына кәсіпкерлік нысандарының шығынын әкімдік өз мойнына алып отыр. Дегенмен әзірге шығын көлемі белгісіз. Штаб басшысының сөзінше, бұл жұмыстарға жергілікті биліктен бөлек демеушілер де жұмылдырылуы мүмкін.
«Саны 12-ге жетті. Сол кәсіпкерлік бүкіл нысанды қазір техникалық бағалау, байқау жүргізіліп жатыр. Сараптама аламыз. Бағалау жұмыстары біткеннен кейін сол шығын көлемі оларға толығымен өтеледі», – деді облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев.
Жарылыстың болғанына 11 күн. Қазір жарылыс аймағынан жарты шақырымда орналасқан Қайнар ауылында қызу құрылыс жүріп жатыр. Жалпы қирағаны 122 нысан. Оның 106-сы тұрғын үй, 12 кәсіпкерлік нысан мен 4 әлеуметтік ғимарат бар. Дүмпу салдарынан үзілген электр желілері жалғанып, қирағандарын қалыпқа келтіруде. Ал, әскери бөлімнің маңы әлі де қауіпті болуына байланысты тоқ көзін тарту кейінге қалған.
«Ар жақта әлі 8 шақырым линиямыз қалды. Ол жақта 4 шаруа қожалығы қалып отыр жарықсыз әлі де. Ол жаққа бара алмай отырмыз. Қазіргі кезде әскерилер жібермей жатыр мина шашыраған деп», – деді Байзақ аудандық электр жүйесінің аға шебері Таңат Тойбайев.
Ауылда баспаналарды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Оған 12 комапния жұмылдырылыпты. Кей тұрғындарыдың жөндеу жұмыстарына көңілі толмаса, енді бірі ажалдан аман қалдық деп жаратқанға алғысын білдіріп жүр.
«Мынау қабырғам қимылдап тұр былқылдап. Ана кісілерге айтсам осылай істеп береміз дейді. Сыртынан ұрып», – деді Қайнар ауылының тұрғыны Мақсат Мәмбетов.
«Маған дүние-мүлік мынау тас-талқаны шыққан ғимараттар, шынымды айтайын, еш қаймықтырып жатқан жоқ. Мен қатты әсер алдым ба, жоқ әлде жасым келіп, ақыл тоқтаттым ба, өз-өзімді түсінбеймін. Менің ішім ашып тұрған жоқ. Өйткені басым аман, бауырым бүтін, жұмысшыларым дін-аман», – деді жеке кәсіпкер Ләззат Жабатаева.
Өмір енді-енді қалпына келіп жатқанда, Тараздан тағы бір суыт хабар жетті. Денесінің 85 пайызын күйік шалып, жансақтау бөлімінде жатқан Ерлан Қырғызәлиев қаза болды. Марқұм, сол 28 349 әскери бөлімінде оқ-дәрі сақтау бөлімінің бастығы лауазымын атқарған. Қоймадағы өртті жоюға кіріскен алғашқылдардың бірі еді.
Мерей Бает, «Алматы» арнасы Жамбыл облысы