|
19.06.2023 | 20:24
4001

Аяқ-қолы жұлынған: Шымкентте 50-ге жуық ит пен мысықтың өлексесі табылды

Еріктілердің сөзінше олар аштықтан қырылған болуы мүмкін

Аяқ-қолы жұлынған: Шымкентте 50-ге жуық ит пен мысықтың өлексесі табылды instagram/inucobo_kz

Шымкентте мысықтар мен иттер жаппай қырылып жатыр. Төрт аяқтыларға арналған мекемеден 50-ге жуық жануардың өлексесі табылды. Сорақасы сол, олардың аяқ-қолы жұлынып, ішек-қарны ақтарылып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бейнежазбадағы жантүршігерлік көріністі этика талабына сай ашық көрсете алмаймыз. Десе де, ит пен мысықтың аяқ-қолы жұлынған видео бірнеше күннен бері желіні шарлап, жұрттың жағасын ұстатты. Жағдай Шымкенттегі жануарларды уақытша ұстау мекемесінде болған. Еріктілердің айтуынша, олар аштықтан қырылған болуы мүмкін.

«40 мысық және 4 күшік өлген. Оларға екі тәулік бойы су бермеген. Үлкен иттерді әлі санап үлгерген жоқпыз», – дейді ерікті Эмилия Өскенова.

Болған жайтқа байланысты қазір қалалық әкімдіктен арнайы комиссия құрылып, тексеру басталды. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша жаппай өлімге ауру жануарларды бір жерге жинағаны себеп болған. Ал кейбірінің аяқ-қолының неліктен жұлынғаны әлі белгісіз.

«Жауапты қызметкерлердің кейбірін осы жағдайдан кейін жұмыстан шығардық. Сондықтан қазір бұл жерге жануарларды жақсы көретін, мейіріммен қарайтын жаңа жұмысшыларды іздестіріп жатыр», – деді қалалық ауылшаруашылық және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.

Жантүршігерлік оқиға болған мекеменің 4 қызметкері жұмыстан кетіп, басшысы сөгіс алды. Істі енді прокуратураның бақылауында.  

«Аталған жағдайға байланысты Еңбекші аудандық полиция басқармасында 316 баптың 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Зертханалық жұмыс басталып, жағдайдың мән-жайы анықталуда», – деді қалалық ПД аға инпекторы Бақдәулет Оразбаев.

Үй жануарларының жаппай өлуінің себебі бір аптадан кейін ғана белгілі болмақ.

Айта кетейік, қаңғыған ит-мысықты бағып-қағу үшін жергілікті бюджеттен 120 млн теңге бөлінген.

Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир