Журналистер мен тәртіп сақшыларын күтпеген дүкен қызметкерлері бір-бірлеп маска таға бастады
Қалада жұмысын қайта бастаған дүкен, шаштараз және дәмханаларға тексеріс жұмыстары жалғасып жатыр. Қауіпті індеттен сақтану үшін карантин талаптарына сай әрі таза болуы шарт. Осы мақсатта Алмалы ауданынның арнайы штаб құрамы қаладағы халық көп келетін жерлерге барып бақылау жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Арнайы құрамда ауданға қарасты тәртіп сақшылары және тауарлар мен қызметтерді бақылау басқармасының мамандары бар. Карантин талаптарын сақтамаған кәсіпкерлерге қандай жаза қолданылады?
Журналистер мен тәртіп сақшыларын күтпеген дүкен қызметкерлері бір-бірлеп маска таға бастады. Бастапқыда басшылығымыз орнында жоқ деп сылтауратты. Кейіннен анықталғандай, жануарлар дүкені иесі карантин талабын мүлде сақтамаған. Тұтынушылардың қызуын өлшеп кіргізетін тепловизор жоқ, олардың ара-қашықтықтары ескерілмеген, тіпті, қызметкерлердің әр 3 сағат сайын ауыстыратын қосымша маскалары да болмай шықты.
Рейдтік топ одан ары жұмысын жақында бастаған сұлулық салонына барды. Шаштараз карантин кезіндегі жұмыс істеу алгоритімдеріне сәйкес келмейді. Талап бойынша мұнда ауаны үнемі залалсыздандыру үшін бактерицидті шамдар орналасуы керек. Арнайы тексеріс тобы оны бұл жерден көре алмады.
Десе де мұнда тепловизор бар, қызметкерлер мен келген клиенттердің температурасын өлшеп жазып қоятын журнал да арнап қойыпты. Мамандар оны тексермек болып еді. Шаштараз қызметкеркері оны көпшілік көзінше іске қоса алмай састы.
Карантин талаптарына салғырт қараған кәсіпкерлер осылайша жұмыс істеу құқығынан айрылды. Мұндай орындар шағын кәсіпкерлік субъектілері саналатындықтан, оларға тек ескерту жасалды. Ескертуді одан әрі де елемегендердің кәсібі ұзақ уақытқа тоқтатылып, айыппұл салынады.
«Карантин кезіндегі қызмет көрсету обьектілерінің жұмыс істеу алгоритімдеріне сәйкес дүкен ішінде антисептик, қызметкерлердің 3 сағат сайын ауыстыратын қосымша маскалары мен медициналық қолғаптар және тұтынушылардың температурасын өлшеп кіргізетін арнайы тепловизор болуы керек. Күнделікті рейд барысында оған назар аударғысы келмей, жұмысын жалғастырған кәсіпкерлердің көп екенін аңғардық», – деді Алмалы ауданына қарасты Тауарлар мен қызметтерді бақылау басқармасының санитарлық қадағалау бөлімінің басшысы Гулия ИЛЯЛЕТДИНОВА.
Осылайша Алмалы ауданындағы дүкен мен сұлулық салонының есігіне құлып салынды. Енді олардың карантин талаптарын толық орындамайынша, ашылуларына рұқсат жоқ. Мұндай тексеріс карантин аяқталғанға дейін жүргізіле бермек.
Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы