Түркістан облысында су тасқынына байланысты эвакуацияланған 23 мың тұрғын өз үйіне оралды

Almaty.tv
Almaty.tv
Су басу қаупі сейілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысының бірқатар ауылынан эвакуацияланған 23 мың тұрғыны өз үйлеріне оралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Су басу қаупі сейілген. Мақтаарал ауданындағы су тасқынының салдарын жою барысында екі миллионнан астам шаршы метр су сорғымен тартылып алынды. Түйткілді шешу үшін жергілікті құтқарушыларға көмекке көршілес облыстар, сондай-ақ, Шымкент қаласынан қосымша күштер мен құралдар барған. Жұмыла атқарған жұмыстың арқасында 15 шақырымдық дамба күшейтілген. Жедел штаб әр екі сағат сайын су деңгейін бақылауда.

Су басудың салдарын жою үшін Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданына көмек осылай жан-жақтан келуде. Мәселен, Жамбыл және Қызылорда облысы, Шымкент қаласының құтқарушылары мен арнайы техникалары қолғабыс болып жатыр. Жалпы апаттық-құтқару жұмыстарына 1300 адам мен 300-ден астам арнайы техника бірлігі жұмылдырылған.

«Қазіргі таңда  Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен халыққа қызмет көрсету мақсатында су басқан елдімекендердегі тұрғын үйлерден азаматтарға жеке мүліктерін, құнды мүліктерін және жеке құжаттарын алып беру мақсатында қайықтарды қолдана отырып, қызметкерлермен халыққа көмек көрсету жұмыстары толық жүргізілуде», – деді облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының ОРЫНБАСАРЫ Бақытжан АБДУГАПАРОВ.

Мақтаарал ауданындағы құтқару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Уақытша дамбалар тұрғызылып, арнайы техникамен су тартылуда. Оқиға орнында 9 қайық, 45 мотопомпа жұмыс істеп жатыр. Мырзакент, Акжол, Нұрлытаң мен Шұғыла ауылының тұрғындары үйлеріне оралды. Ал Қоғалы, Нұрлы жол, Фердоуси, Ырысты, Қарақыр, Өргебас ауылының периметрі бойынша төтеншеліктер құмға толтырылған 100 мыңға жуық қап қойған.

Құтқарушылар, сондай-ақ Мақтаарал ауданында жоғалған әкесі мен екі ұлын да құтқарды. Бүгін таңертең 1975 жылы туған ер адам екі ұлы мен малын іздеуге шығып, су басқан аумақтан оралмаған. Құтқарушылар моторлы қайықпен із-түссіз жоғалған мақтааралдықтарды іздеп, ауылға аман-есен жеткізген. Олар Өзбекстанмен шекаралас аумақта болыпты.

Салтанат Нысанбек, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан


Новости партнеров