Жамбыл облысында 9-сынып оқушысы досының үйінде оқтан көз жұмды

11.11.2021 01:29

Баласын жоғалтқан жақындары қаруды балаға беріп қойған ауылдастарын айыптап отыр

Almaty.tv

Жамбылда 9-сынып оқушысы тир мылтығының оғынан өз досының үйінде бақилық болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Оқиға Меркі ауданында болған. Көршінің үйіне кетіп, қайта оралмаған Бақдәулет Балқарбайдың денесін бүгін туыстары мәйітханадан шығарып алды. Баласын жоғалтқан жақындары қаруды балаға беріп қойған ауылдастарын айыптап отыр. Ал полиция  іс қозғады.

9 қараша Балқарбаевтар әулеті үшін қаралы күн болды. Себебі осы үйдің 14 жасар баласы досының үйіне кетіп жан тапсырған. Атылды деп хабар алған баланың туыстары суық қаруды қараусыз қалдырған көршілерін айыптап, жазалануы тиіс деп отыр.

«Мен жазалануы керек деп ойлаймын. Неге баланың ата-анасы қаруды қараусыз қалдырады, балаға ұстатады? Бұл бір деңіз. Содан кейін өзінің баласын қорғау үшін «суицид жасады» дегенге келтіріп тұрғандары бізге де ауыр. Бауырымыз өз-өзіне қол жұмсағандай болып қалды», – дейді марқұмның әкпесі Балғын Балқарбай.

Ал айыпталған ауылдастары жазатайым оқиға кезінде үйде ешкімнің болмағанын әрі жасырулы тұрған қаруды бұған дейін бала қолына бермегенін айтып отыр.

«Қайтыс болған баланың әке-шешесі де көрмеген. Біз мде көрмедік. Не болғанын біз білмейміз. Қазір тергеу жүріп жатыр, сот сараптамасы тағайындалған. Содан кейін беретін жауап береміз. Басқа сөзіміз жоқ», – деді қайғылы жағдай болған үйдің иесі Жексенбек Қашқынов.

Ал Тескентоған ауылындағы оқиғаны облыстық полиция жазатайым болған жағдай деп бағалап отыр.

«Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобымен қаза болған бала өзінің досымен бірге ата-анасының рұқсатынсыз қаруды алып, далада құс атып жүрген кезінде оқ жарақатын алғаны анықталған. Аталған дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне тіркелді», – деді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетов.

Қазір оқиғаға байланысты жедел-тергеу тобы құрылып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және объективті зерттеу мақсатында тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан