Жәндіктерді улаймыз деп, ана мен бала уланған «Палач» препаратының Қазақстанда рұқсат етілмегендігі анықталды. Бұл туралы бүгін санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталығында өткен брифингте Алматы қаласы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Айзат Молдағасымова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Үйді тексеру барысында қолданылған препараттың «Палач» екені расталды. Сонымен қатар, ол жерден одан бөлек Фас-дубль» деп аталатын ұнтақ та табылды. Сараптама нәтижесі бойынша, ол үйде қолданылған «Палач» деген түрі Қазақстан шекарасында тіркелмеген және қолдануға рұқсат етілмегендігі нақтыланды. Негізі Қазақстанда бұл дәрінің тек бір түрі ғана тіркелген. Бірақ зерттеу барысында Алматының бірнеше сауда орындарында палачтың тіркелмеген үш түрі емін-еркін сатылып жатқандығын білдік. Бұл заңсыздыққа қарсы іс-шаралар қолданылылып, препараттың тіркелмеген үш түрі де тәркіленді. Сондай-ақ , Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас дәрігері ретінде құзырлы органдарға тіркелген «Фаст-дубль» препаратын тіркеуден алып тастауын талап еттім», - деді Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.
Сондай-ақ брифингте улануға әкеліп соғатын азық-түліктер жайлы да сөз қозғалды. Ведомство жетекшісінің айтуынша, адамдардың улануына жаңа жыл мерекесі қарсаңында кондитерлік өнімдер, шұжық өнімдері және майонез қосылған салаттар себеп болады. Сонымен қоса, нарықтағы тауарлардан көптеген өрескел заң бұзушылықтар да анықтаған. Мысалы, «Барон», «Снежок» фудмастері, «Яшкино» вафлиі және алкогольді өнімдердің көбінде сәйкессіздіктер бар.
«Жақында біз мерекеге орай адамдардың көбі сатып алатын сүт, балық өнімдері, салат секілді азық-түліктерді тексерістен өткіздік. Тексерілген 209 өнімнің 54 пайызы техникалық регламент және қауіпсіздік жағынан сәйкес келмейтін болып шықты. Онымен қоса, ойыншықтардың 82 пайызы таңбалау жағынан тексерістен өте алмады», - деді Алматы қаласы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.