Қоғамдық тамақтану орындары карантин талаптарын жиі бұзады

30.05.2020 01:31

Алматы қаласында тексеру жұмыстары барлық ауданда жүргізілді

almaty.tv

Тексеру жұмыстары барлық ауданда жүргізілді. Қауіпті індеттен сақтану үшін олар карантин талаптарына сай болуы шарт. Нысандарда тазалық шаралары қаншалықты сақталуда? Almaty.tv тілшісі біліп қайтты.

Алмалы ауданына қарасты мына тамақтану орнына бас сұққанда, бірқатар талаптарды бұзғанын байқауға байқады. Яғни, үстел басында отырған тұтынушылар арақашықтықты сақтамаған. Ал, тұтынушылар ешкім ескертпеді дейді. Одан бөлек, қызметкерлер бетпердесін талапқа сай ауыстырмаған. Ал, дене қызуын тексеретін жазбаларын сұрағанда, біраз күтуге тура келді.

«Бұл мейрамхананы тексеру кезінде бірқатар карантин талаптарын бұзғанын байқадық. Яғни, мейрамхана жұмыс істеу алгоритміне сәйкес келмеді. Сондықтан біз арнайы хаттама толтырамыз және белгілі бір уақыттың ішінде олар айыппұлды өтеп, карантин талаптарын қайта қарап, ретке келтіргеннен соң ғана қайта ашылуға рұқсат беріледі», – деді Алмалы ауданы Тауарлар мен қызметтерді бақылау басқармасы бөлімінің басшысы Гулия ИЛЯЛЕТДИНОВА.

Рейдік топ одан әрі жұмысын Әуезов ауданында жалғастырды. Мұндағы тамақтану орнында да бірқатар санитарлық шаралардың орындалмағанын байқадық. Ереже еленбеген соң тексерушілер «Абырой» дәмханасы жауып тастады.

«Ескерту көп болды бұл жерде. Біріншіден, қосымша маска жоқ болды. Ішіндегі қызметкер қолғапсыз, бетпердесіз жүрді. Үстелдер арасындағы арақашықтық сақталмаған. Әлі дайын емес жұмыс істеуге», – деді Әуезов ауданы мемлекеттік құқықтық бөлімінің басшысы Ерасыл БАҚЫТЖАНҰЛЫ.

Ал, Бостандық ауданындағы сауда орындарында халықтың арақашықтығы сақталмаған. Санитайзерлердің іші бос. Осылайша, бірқатар нысандарға айыппұл салынып, хаттама толтырылды. Сонымен қатар, тексеру тобы түсіндірме жұмыстарында жүргізді.

«Қаулыға сәйкес рұқсат етілген жұмыс істеуге карантин кезінде нысандарды тексеру басталды. Жұмыс барысында егер де санитарлық талаптар сақталмаған жағдайда әкімшілік шара қолданып, нысандарды жабамыз», – деді Бостандық ауданы Тауарлар мен қызметтерді бақылау басқармасы бөлімінің бас маманы Айнұр БЕКТҰРСЫНҚЫЗЫ.

Аудандардағы рейдтік жұмыстардың нәтижесі бүгіндікке осындай болды. Дегенмен рейд кезінде  карантин аясында жұмысты жүргізу  бойынша бірқатар нысандарға ұсыныстар енгізілді. Айта кету керек, мұндай рейдтік жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.

Елдана Қадырова, «Алматы» арнасы